Қазақ тілін подкаст тыңдау арқылы оқыту, емтихан кестесін құрудың жаңа алгоритмі мен жүрдек пойыздың доңғалағын тозудан сақтайтын механизм. Бұл — биылғы магистранттар зерттеген тақырыптың бірнешеуі ғана. Baribar.kz жақында ғана магистр дәрежесін алған бірнеше жас ғалыммен сөйлесіп, қандай ғылыми жаңалық ашқанын сұрады.

Аяулым Әбілда жақында ғана диссертациясын қорғап, педагогика ғылымдарының магистрі атанды. Ол ғылыми зерттеуінде қазақ тілін оқытудың жаңа әдісін ұсынған.

Аяулым Әбілда. Фото жеке архивінен

Магистрлік диссертациямның тақырыбы — «Қазақ тілі сабақтарын подкаст арқылы оқытудың әдіс-тәсілдері». Ғылыми зерттеу жазғандағы басты мақсатымыз білім берудегі инновациялық технологияларға негізделген қазақ тілі сабақтарына подкастарды енгізу болды. Сонымен қатар  подкаст арқылы оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін ұсындық, — дейді Аяулым.

Аяулым екі жылдан бері Алматыдағы жеке мектептердің бірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Диссертация тақырыбын таңдамас бұрын, ұзақ уақыт оқушыларының сұранысын зерттеген.

Цифрлық дәуірде өмір сүріп жатқан оқушылардың қабылдауы да, сұранысы да бөлек. Сондықтан білім берудің жаңа технологияларын ұтымды қолдану маңызды. Материалдарды оқушының сұранысына сай ұсынсақ, олардың білім алуға деген ынтасын арттыра түсуге болады. Бұған қоса подкаст тыңдауды білім беру бағдарламасына енгізсек, подкастерлер де көбейе түсетін сияқты. Әзірге қазақ тілінде жазылған подкаст аса көп емес екен. Сұраныс тудырсақ, бұл мәселе де шешіледі, — дейді жас ғалым.

Аяулым ғылыми зерттеуінде подкаст тыңдауды 6-7-класс бағдарламасына енгізуді ұсынған. Ол әр класқа әртүрлі подкаст таңдалды дейді.

Подкаст материалдарын балалардың жас ерекшелігіне, психологиясына, қажетіне сай таңдауға тырыстық. Мысалы, қазір көпке танымал Dope soz подкасын алайық. Подкаста қарутанушы Қалиолла Ахметжан қонақ болады. Эпизодта ғалым батырға тән қасиеттерді атап шығады. Балалар тыңдай отырып, сол қасиеттерді топтауы керек. 6-класс бағдарламасында “Сөз мағыналары” деген тақырып бар. Сол тақырып аясында “Жиналған батырға тән қасиеттердің антонимін тауып жазыңыз” деген тапсырма береміз. Дәл осы эпизод бойынша диссертацияда бірнеше тапсырма құрастырылған. Мысалы, ғалым батырдың қару-жарағын, киімін сипаттайды. Оқушылар суретке қарай отырып, сол заттарды табуы керек. Сонымен қатар сөздердің мағынасын табыңыз деп тағы бір тапсырма береміз. Ол үшін қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігін пайдаланады. Осылайша бала сөз мағынасын ажыратуды, сөздікті қолдануды үйренеді, — дейді ол.

Аяулымның диссертациялық жұмысын дайындауға шамамен тоғыз ай кеткен. Бірақ мәтін жазуға кіріспес бұрын ол бір жылдай тақырыбын зерттеген.

Магистратура бағдарламасы — жалпы екі жыл. Алғашқы жыл тақырып бойынша материал іздеу, бақылау жұмыстарымен өтті. Толықтай мәтін жазуға екінші жылы ғана кірістім. Жұмыстың теориялық бөлімі мен практикалық бөлімін жазуға бас-аяғы жеті-тоғыз айдай кетті, — дейді ол.

Аяулым бұл әдісті өз сабақтарында да қолданып көрген. Кластағы 24 оқушы да бұл тәсіл ұнағанын айтқан.

Ал жақында ғана техникалық ғылымдар магистрі атанған Дана Дүйсембай магистрлік диссертация тақырыбын таңдауда аса қиналмаған. Оған бұл істе ғылыми жетекшісі көмектескен.

Дана Дүйсембай. Фото жеке архивінен

Тақырып таңдауға ұзақ уақыт кеткен жоқ. Жетекшім ұсынған тақырыптардың ішінен таңдадым. Алматыдағы Логистика және транспорт академиясын тәмамдадым. Сондықтан тақырыбым да сол көлік қатынастары, темір жол саласына байланысты болды. Магистрлік диссертациямда жүрдек пойыздардың доңғалағы тозып кетуден сақтайтын жаңа механизм ұсындық деуге де болады, — дейді ол.

Дана бұл тақырыпты алты-жеті ай зерттегенін айтты. Жаңа механизм ұсыну үшін ол арнайы бағдарламаны пайдаланған.

Халық жүрдек пойыздардың сын көтермейтінін айтып шағымданады ғой. Біз мәселені басқаша шешкіміз келді. Зерттеу жұмысын жазу үшін виртуал сынамалар жасап, жүрдек пойыз доңғалақтарының тозып кетуін қалай қысқартуға болатынын есептеп көрдік. «Әмбебап механизм» деген бағдарламаға жүрдек пойыздың деректерін енгізіп, доңғалақтың тозып кетуін 50%-ке азайтуға болатынын анықтадық. Бағдарлама дұрыс есеп құрастырып, деректерді дұрыс енгізгенде, өзі жаңа әдіс ұсынады. Негізі диссертацияның басты жаңалығы да — осы. Есептердің мысалын көрсете аламын, — дейді ол.

Диссертация скрині

Алмабек Ибрайымов жақында әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика мамандығын бітіріп, әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесін алды. Оның ғылыми зерттеуінің тақырыбы — «Тарихи контентті заманауи ақпарат алаңында модельдеу әдістері».

Алмабек Ибрайымов, Фото жеке архивінен

Зерттеу жұмысымызда журналистикадағы жаңа жанрлардың түп тамыры тарихпен байланысты екенін көрсеткіміз келді. Жетекшім — филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин. Сол кісінің «Қазақ журналистикасының жанрларының эволюциясы» деген кітабы бар. Кітапта журналистика жанрларының алғашқы тізбесі халық ауыз әдебиетінен басталғаны, «Қыз Жібек» жырындағы халықтың ақпарат алмасуы бүгінгі репортаж жанрына келетіні жазылған. Әл-Фарабидің трактаттары қазіргі эссе жанрына келеді екен. Диссертацияда қазіргі сторителлиң жанрының кейбір элементі аңыз-әңгімелерде, тұрмыс-салт жырларында болғанын көрсеттік, — дейді ол.

Алмабек диссертация жазуға 1-курста кірісіп кеткен. Ол бұл тақырыпты бакалавриаттағы диплом тақырыбы ретінде де алғысы келген.

Бакалавр оқып жүргенде бұл тақырыпты алудың реті келмеді. Бірақ тақырып қызық болғаны сонша, магистратураға түскенде, көп ойланбай, осы тақырып бойынша зерттеуге кірісіп кеттім. 1-курстың соңына қарай материал іздей бастадым. 2-курстың екінші семестрінің ортасына дейін зерттеуді толық аяқтадым, — дейді ол.

Қуанышбек Мамай — Сүлеймен Демирель университетінің түлегі. Ол биыл компьютер ғылымдарының магистрі болды. Магистрлік диссертацияның тақырыбы — «Генетикалық алгоритмді қолдану арқылы емтихан кестесін құру». Қуанышбек бұл ғылыми жаңалық көп университет үшін пайдалы болады дейді.

Қуанышбек Мамай. Фото жеке архивінен

Қазір Қазақстанда көп ЖОО кредиттік оқу жүйесіне көшіп жатыр. Өзім оқитын СДУ да сол қатарда бар. Кредиттік жүйе бойынша кез келген студент қалаған сабағын қалаған оқу курсында таңдай алады. Сол себепті кестені бір уақытта бірнеше емтихан қатар келмейтіндей етіп құру қиын болып тұр. Өзім СДУ-да алты жыл оқыдым, сол алты жылда үнемі бірнеше емтихан қатар келіп қала беретін. IT-маман ретінде осы мәселенің шешімін ұсынғым келді, — дейді ол.

Қуанышбек мұндай шешім жолы бұған дейін де жасалғанын, өзі жасаған алгоритмді бұған дейін басқалар да ұсынғанын айтады. Бірақ ол оның көбі Қазақстандағы университеттерге сай келмейді дейді.

Негізі бұл мәселені түрлі жолмен шешуге болады. Бұған дейін де студенттер мен мамандар түрлі алгоритм ұсынғанын білемін. Бірақ көп шешім сол студенттердің университетіне ғана ыңғайлы етіп жасалған. Әмбебап немесе Қазақстандағы барлық университетке келетін бір шешім көрмедім. Сол себепті зерттеу жобамда сол шешімді табуға тырыстым, — дейді Қуанышбек.

Қуанышбек те тақырыбын ерте таңдап, бірден жұмысқа кіріскен. Әуелі бұған дейін осы тақырыпта жасалған зерттеулерді оқып шыққан.

Тақырыпты магистратураның 1-курсында таңдадым. Алғашында жай ғана бұған дейін жасалған зерттеулерді оқып көрдім. 2-курста шындап кірісіп, өз зерттеуімді жазып, кодтау процесіне кірістім. Осы проблеманы шешетін түрлі алгоритмді салыстырып көрдім. Соңында әйтеуір өзім қалағандай Қазақстанның барлық университеті қолдана алатын бірегей алгоритм ойлап таптым. 50 студенттің емтихан кестесін құрып шықтым, бірде-бір емтихан қатар келген жоқ , — дейді ол.

Қуанышбектің ғылыми зерттеуін комиссия жоғары бағалаған. Университеттің кафедра меңгерушісі жиналыста оның жасаған алгоритмін СДУ жүйесіне енгізуге болатынын айтқан. Енді ол бұдан да көп студенттің деректерін алып, ауқымды кесте құрып, алгоритмін университет әкімшілігіне ұсынады.

***

Тағы оқыңыз: 

Ғылымды әлеуметтік желіде насихаттап жүрген блогерлер кімдер?