Міржақып Дұлатұлы «Кімнің баспасөзі мықты болса, сол ел мықты» демекші, 26 маусым бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында, Қазақстан Республикасы президентінің атынан журналистер және Қазақстанның жетекші мемлекеттік БАҚ-тың басқа да қызметкерлері баспаналы болды.
Кәсіби мереке қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шараға Президент әкімшілігінің өкілдері, Ақпарат және қоғамдық даму министрі, БАҚ басшылары мен «Дара» президенттік бастамалар қоры мен «Халық» қайырымдылық қоры өкілдері, сондай-ақ баспаналы болған журналистер мен БАҚ қызметкерлері қатысты.
«Журналистер күні тамаша бір тартумен басталып жатыр. Ең әуелі сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен, баспаналы болуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Қоғамның барометрі атанған журналистерге, қарусыз майданның көрінбес қаһармандарына Мемлекет басшысы, министрліктің атынан үлкен алғыс білдіремін. Міржақып Дулатұлы атамыздың жақсы бір сөзі бар «Кімнің баспасөзі мықты болса, сол ел мықты» деген, қазіргі заманның тілімен айтқанда, кімнің журналисі мықты болса, сол озар. Кезінде өзім қызмет еткен «Хабар», «Қазақстан» телеарналары өкілдерінің бүгінгі қуанышына ерекше риза болып тұрмын. Енді құдайы көрші болыңыздар, әріптестер!» — деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Мемлекет басшысының бастамасына қолдау білдіріп, аталмыш тұрғын үйдің құрылысына атсалысқан «Дара» президенттік бастамалар қоры мен «Халық» қайырымдылық қоры. Құрылыс жұмыстары бір жылда аяқталып, БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілген.
«БАҚ өкілдері еліміздің дамуына үлес қосып жүрген қоғамның қозғаушы күші. Әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды әрі өткір мәселелерді көтеріп, оның шешімін табуға ықпал ететін де, қоғамды алға жетелейтін де БАҚ өкілдері. Сіздердің бүгінгі қуаныштарыңызға ортақпыз, бұл біздің де қуанышымыз. Кәсіби деңгейі жоғары, оқырман мен көрерменге жауапкершілікпен қарайтын журналистер қашанда да шын құрмет пен қолдауға лайықты. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!» — деді «Халық» қорының Басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.
Пәтер иесі атанған БАҚ өкілдері бұл кәсіби мереке қарсаңында күтпеген тосынсый болғанын айтып, ризалығын білдіріп жатыр. Қуанышты хабарды жақындарына сүйіншілеген әріптестердің қуанышында шек болмады. Соның бірі, ұлттық телеарнада 35 жыл қызмет етіп келе жатқан Рахима Балтабаева да бар.
«Бүгін мен үшін ең бақытты күн. Менің екі баланың анасымын, бұл менің алғашқы пәтерім. Осындай бастама көтерген Президентке, сол бастамаға қолдау танытқан Қорға және телеарна басшылығына осындай сыйлық бергені үшін алғыс айтқым келеді. Осыдан бірер күн бұрын кадр бөлімі бізден бір-екі құжат сұратып еді, сол кездің өзінде пәтер бұйырады десе, сенбес едім. Біз байқауға тапсырып жатырмыз деп ойладық. Міне, қазір ғана пәтерлі болғанымды білдім, шыны керек, үлкен тосын сый болды»,- деп Рахима Балтабаева ағынан жарылды.