Елордадағы «Астана Теплотранзит» АҚ 1 шілдеден бастап жылу тасымалын 103%-ке өсіру туралы өтініш берді.
Бұл туралы «Хабар 24» хабарлады.
Монополист кәсіпорын жылу тарифін екі есе көтеруді жоспарлап отыр. Бүгінде Астана тұрғындары жылудың бір гигакалорийына 1 200 теңге төлейді. Бұл – осыдан үш жыл бұрын бекітілген баға. Бірақ биыл жергілікті жылыту станциясы коммуналдық қызмет құнын екі есе өсіру бойынша өтініш түсірген, — делінген хабарламада.
Тарифті көтеру арқылы әбден тозған желілер жаңартылады. Олардың есебінше бұл жұмысқа кем дегенде 2 миллиард теңге қажет.
Біз жөндеу жұмыстарымен бірге жылу құбырларын 516 метрге ұзартып жатырмыз. Бүгінгі таңда жұмысшылардың жалақысы орташа есеппен 293 мың теңге. Біз оны осы саладағы орташа айлыққа, яғни 400 мың теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Соның арқасында көп мәселе шешімін табады. Жалақының аздығынан білікті мамандар жетіспей жатыр, — дейді «Астана Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Мукин.