Пак Кын Хе халыққа еш мәлімдеме жасамады, журналистер сұрағына жауап бермей, тек «Корея халқынан кешірім сұраймын» деп қысқа қайырып, бас прокуратура ғимаратына кіріп кетті. Оны ведомство қызметкерлері күтіп алып, тергеуге алып кетті. Тергеу 10 сағаттан астам уақытқа созылады деп күтілуде, себебі Пак Кын Хе бұған дейін президенттік иммунитетін пайдаланып, тергеушілерден қашқақтап жүрді, ал оған қойылатын сұрақтар жиналып қалған еді.
Осылайша, Пак Кын Хе күдікті ретінде тергеуге алынған Оңтүстік Корея тарихындағы төртінші президент атанып отыр. Бұған дейін мұндай жағдай Ро Дэ У, Чон Ду Хван және Но Му Хенмен болған еді. Алғашқы екі президент түрлі жазаға тартылса, Но Му Хен өз-өзіне қол жұмсады. Пак Кын Хеге билікті асыра пайдалану, сыбайлас жемқорлық секілді 13 тармақ бойынша айып тағылып отыр.
Еске сала кетсек, Оңтүстік Кореяның Конституциялық соты президент Пак Кын Хеге жарияланған импичментті мақұлдады. Мерзімнен тыс жаңа президенттік сайлау сайлау 9 мамырда өтуі мүмкін.
Пак Кын Хе елдің бұрынғы президенттеріне берілетін артықшылықтардан: жалақының 70% көлеміндегі өмірлік зейнетақыдан (шамамен 12 миллион вон немесе $10,4 мың), үш көмекшіден, жеке жүргізуші мен мемлекеттік клиникалардағы тегін медициналық қызмет көрсетуден айырылады. Сонымен бірге, оған 10 жылға емес, тек 5 жылға күзет беріледі.