Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы университетте өсімдіктен электр қуатын алатын жоба іске қосылды. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқу орнының студенттері өсімдік жүзеге асыратын фотосинтез процесіне мән берген. Олар осы процесс кезінде энергия бөлінетіндіктен, бөлінген сол қуатты пайдалануды көздейді. Өсімдік күннен берілген энергияның артық бөлігін топыраққа сіңіреді. Университеттің жас ғалымдары сол энергияны аккумуляторға электрод арқылы өткізіп, сонда қуат жинайтындай еткен.
Әзірге жасыл желектен өндірілген энергия ұялы телефондарды зарядтауға жетеді. Дегенмен қазір жас ғалымдар бұл зерттеуді әрі қарай жалғастырып жатыр, жетілдіруге күш салып отыр.
Бұл жоба әрі қарай қарқынды дамып, жасыл желектен барынша көп қуат алуды мақсат етеді. Студенттер осындай ізденіс арқылы Қазақстанның жасыл экономикасын дамытуға үлес қоспақ. Оған қоса бұл жоба стартаптар конкурсында өте жақсы баға алды, — делінген университет таратқан хабарламада.
Оқу орнының докторанты Маржан Сыздықованың айтуынша, жас ғалымдар өсімдіктен қуат өндіру үшін әуелі өсімдіктің біраз түрін зерттеп көрген. Соның ішінде сансевиерия мен хлорофитум хохлатый деген өсімдіктер ең дұрысы болып шыққан. Себебі осы өсімдіктер фотосинтез процесін аса қарқынды жүргізе алады.
Енді далада өсетін өсімдіктерді зерттеп, қазіргіден де көп электр энергиясын өндіруге болатынын дәлелдегіміз келеді, — дейді Маржан Сыздықова.

