Басты бетЖаңалықтар1-класқа қабылдауға...

1-класқа қабылдауға 250 мыңға жуық өтініш түсті

1-класқа құжаттарды қабылдау 2023 жылғы 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі орта білім комитеті хабарлады.

Бүгінде 1-класқа қабылдауға 249 737 өтініш түскен. Оның ішінде балалардың 70%-ке жуығы мемлекеттік тілде оқуды таңдады.

Құжаттарды қабылдау штаттық режимде жүргізіліп жатыр. Ата-аналар белсенді. Биылғы 1-класқа қабылданушылар арасында мемлекеттік тілде оқығысы келетіндер көп. Қазақ тілінде оқытатын кластарға қабылдау бойынша Қызылорда (94,1%), Маңғыстау (93,2%), Ұлытау (82,5%), Түркістан (80,6%) және Жамбыл (79,4%) облыстары ең жоғары көрсеткішпен алда тұр, – деді комитет төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев.

Қазір 1-класқа қабылдау бойынша өтінімдердің жоғары көрсеткіштері Қызылорда (92%), Ұлытау (83,7%), Шығыс Қазақстан (78%), Маңғыстау (87,1%) Түркістан (79,8%) облыстарында байқалады.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін құжаттарды қабылдау мемлекеттік қызметі толығымен автоматтандырылған. 1-класқа қабылдау Еgov.kz электрон порталы арқылы жүзеге асырылады. 1-класқа балалар алты жастан бастап ата-анасының немесе баланың заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады.

Сонымен қатар денсаулық жағдайы туралы құжаттар (026/у-3 нысаны және 065/у) және 3х4 өлшемді екі фотосурет қоса беріледі. Алдын ала болжам бойынша, жаңа оқу жылында 410 мыңнан астам бала 1-класқа барады.