— Кэролайн ханым, жуырда Алматыдағы АҚШ бас консулы болып тағайындалғаныңызға бір жыл толды. Бұл қызметтегі алғашқы жыл несімен есте қалды? Қазақстан қандай әсер сыйлады?

— Мейірман мырза, сұрағыңызға рақмет! Иә, Алматыға келгеніме бір жыл болыпты. Алғашқы жыл өте әсерлі болды. Қазақстанға келерден бұрын бұл жылдан көп үміт күтіп едім, бірақ келгеннен соң алған әсерім өзім ойлағаннан әлдеқайда асып түсті. Бұл жергілікті адамдардың арқасында деп білемін. Өйткені мені жылы қарсы алды.

Қазақстанға келген алғашқы жыл өте маңызды оқиғаларға толы болды. Ең әуелгісі — пандемия. Коронавирус ахуалы жақсарып келе жатқанымен, біз қауіпті толқынынан өттік. Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы, одан кейінгі саяси, экономикалық реформалар ел тарихындағы маңызды кезеңнің бірі болып отыр. Біздің жұмысымыз да соған қарай көп болды. Алғашқы жыл осылай өтті. Ең бастысы — маңызды жұмыс атқарып жатырмыз.

Тағы бір қоса кеткім келетіні — президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазір ұсынып отырған саяси реформалары, бастамалары көңілге қонады. АҚШ үкіметі де мұны қолдайды. Мұның бәрі толық іске асса, Қазақстандағы демократияның бекуіне, елдің ахуалы қазіргіден де тұрақты бола түсуіне, гүлденген елге айналуына әсер етеді деп ойлаймын. Біз бұл бағытта Қазақстан үкіметімен де, азаматтық қоғам өкілдерімен де үздіксіз жұмыс істей береміз.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Осы жылы атқарып жатқан ең маңызды жұмыстың бірі — Ресей Украинға қарсы соғыс ашқалы бергі экономикалық жағдайды реттеу. АҚШ-тың Ресейге, оның үкіметіне енгізген санкциялары Қазақстанның экономикасына да тікелей әсер етуі мүмкін екенін білесіздер. Өйткені Қазақстанның Ресеймен экономика бойынша байланысы өте тығыз, бірақ біздің санкциялар Ресейге және оның Украинаға ашқан еш негізсіз, себепсіз соғысының тікелей салдары екенін баса айтқым келеді.

АҚШ үкіметі бар күшін Қазақстанмен қоса басқа да серіктес мемлекеттермен тығыз жұмыс істеуге салады. Өйткені санкциялардың басқа елдерге кесірі тимесе екен немесе салдары азырақ болса екен дейміз. Сол жағынан Қазақстанмен үздіксіз жүргізіп жатқан келіссөздеріміз тоқтамайды. Бұл біздің Қазақстандағы серіктестеріміз үшін де, осы елде жұмыс істегісі келетін АҚШ компаниялары үшін де маңызды. Қазіргі кезде санкциялардың Қазақстан аумағына салдары тимеуі үшін қажет бірқатар шара қолға алынып отыр. Бұған АҚШ әлі күнге дейін Қазақстанның ең ірі инвесторы екені дәлел бола алады. «Шевроннан» бастап Starbucks-қа дейін осы елде жұмыс істеп жатқан компания көп. Бұл АҚШ-тың Қазақстанмен әлі де серіктес болуға ықыласы барын аңғартады.

Жуырда мұнай-газ саласындағы Honeywell дейтін ірі америкалық компания Алматыда өндірістік цехын ашты. Әсіресе, Қаңтар оқиғасынан кейін осында жұмыс істеп жатқан Америка компаниялары дүниежүзіне Қазақстанның бизнес үшін ашық екенін көрсете алды. Бұл Қазақстан үшін де маңызды деп есептеймін. Қазіргі кезде сауда, экономика бойынша байланысты әрі қарай да күшейте беру өзекті болып отыр.

Қазақстандағы консул қызметімдегі алғашқы жылға шолу жасай отырып, Украинадан айналып өте алмаймын. Жуырда ғана Украина халқын Тәуелсіздігінің 31 жылдығымен құттықтадық. Украиналықтар осы күні кез келген ел мен халық сияқты Тәуелсіздікті сақтап қалудың оңай емесіне және мұның ең бағалы құндылық екеніне көз жеткізіп отыр. Сондықтан Украинаны әрдайым қолдайтынымызды және бірге екенімізді айтудан шаршамаймыз. Ресейдің Украинаға басқыншылығы дүниежүзі халқына бірігуі керек екенін түсіндірді.

Кэролайн Сэвидж
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Толыққанды жауабыңызға рақмет! Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша 238 адам опат болды. Жаппай наразылық Алматыда өршіді. Өзіңіз осы кезде қалада болдыңыз ба? Ахуалды қалай бақыладыңыз?

— Иә, ең әуелі Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың отбасына көңіл айтқым келеді. Бұл кезде өзім де, отбасым да осында болдық. Біздің консулдықтың 400-ден астам қызметкері бар, олардың 100-ге жуығы — америкалықтар. Кейбірі жаңа жылдық демалысқа шықты, негізінен көпшілігі Алматыда болды. Әріптестерімнің кейбірі Қаңтар оқиғасы басталып, кейін нағыз шиеленіскен сәтте жақыннан бақылады. Менің ойымша, бұл кезде бәріміздің бойымызды үрей биледі. Біз үшін де, Қазақстан азаматтары үшін де осындай кезең болып есте қалды деп ойлаймын. Консулдықтың сол кездегі басты мақсаты — әріптестеріміздің амандығы, қауіпсіздігі еді. Қуанышымызға орай, қызметкерлеріміздің арасында зардап шеккендер болмады.

Біздің мұндағы командамыз үлкен, Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы азаматтық қоғам өкілдерімен де, серіктестерімізбен де қарым-қатынасымызды үзбедік. Қаңтар оқиғасы кезінде де, одан кейін де бірнеше кездесу өткіздік. Сол кезде не болғаны және одан кейінгі ахуал туралы пікір алмастық, оның ішінде тергеу қалай өтіп жатқанын да бақылап отырдық. Ұсталғандарды азаптау фактілері туралы да хабардармыз.

Президент Тоқаев мырзаның ұсынып отырған реформалары кейбір мәселенің шешім бола алатын сияқты. Сондықтан біз бұл бастамалар толыққанды іске асса екен дейміз. Өйткені мұнда азаптауларға, жемқорлыққа, тіпті тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселесі де қамтылған.

Бұл реформалар толық орындалса, Қазақстанның әрі қарай дамуына пайдалы болар еді. Азаматтық қоғамның ролін айту әділетті болар деп ойлаймын, өйткені оның Қазақстандағы дүрбелең кезінде ролі өте маңызды болды. Үкіметтің қолында бар механизмнің дұрыс жұмыс істеуін қадағалауға, билік пен қоғам арасындағы диалогтың орнауына көмектесті.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Өкінішке қарай, өзім Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың отбасымен немесе азаптауға тап болған азаматтармен кездесе алмадым.

Алайда ұдайы байланыста болған белсенділер мен ұйымдар арқылы осы қырғында зардап шеккендердің жағдайынан хабардар болып отырдық. Өйткені біз тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырып жүрміз.

— Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан кейін ахуалдың жақсара бастағаны байқала ма? Сіздің ойыңызша, жаңа үкімет шынайы реформаларға, өзгерістерге ұмтыла алып жатыр ма?

— Қазақстанға келгелі, әсіресе, кейінгі кездері мұндағы жастармен сөйлескен сайын ерекше әсер аламын. Алматыда, Шымкентте және басқа өңірлерде де жастармен, азаматтық қоғам өкілдерімен кездесіп жүрмін. Олардың істеп жатқан жұмысы маған әрдайым шабыт береді. Өйткені жастардың, белсенді азаматтардың білімі, олардың энергиясы мен қабілеті Қазақстанның әрі қарай дамуына керек құндылықтың бірі деп есептеймін.

Шымкентке барған сапарымда да жастармен әңгімелестім. Олардың АҚШ-тағы азаматтық қозғалыстар мен әйел құқығы үшін жүргізілетін күрес жайлы ойы терең әңгімеге ұласты. Негізінен елдегі өзгерістердің драйвері болатын — жастар. АҚШ-та да, мұның алдында жұмыс істеген мемлекеттерде де бұған көзім жеткен. Олар өзгерістерді өз ортасынан, қауымдастығынан бастап жоғары деңгейге дейін жеткізе алады, тарата алады. Осылайша бұл бірте-бірте үкімет деңгейіне шығып, шынайы өзгерістерге жол ашады.

— Қазақстанда толыққанды демократияның орнауына ел азаматтарының ниетті екені байқала ма? Сіздің ойыңызша, Қазақстанда заң үстемдігі орнап, адам құқығы құрметтелуі үшін әр азамат қалай үлес қоса алады?

— АҚШ халқы демократияны үздіксіз процесс деп түсінеді. Ол бір орында тұрмайды, сол себепті үнемі жетілдіре беруіміз керек. Тіпті біздің елдің Конституциясында «Бұдан да жетілген одаққа ұмтыламыз» деген жол бар. 200 жылда демократия нығая түсуі үшін әлі де жұмыс істей беруіміз керек екенін үйрендік. Біз өз тәжірибемізге сүйеніп, Қазақстандағы достарымызды да әрдайым қолдай беруге дайынбыз.

Қазақстанда азаматтық қоғамның белсенді екені онсыз да аян. Оны тек әрі қарай дамыта беру керек. Елдегі белсенділер, ұйымдар өз аясын одан әрі кеңейтуді ойлауы керек. Қоғамға пайдасын тигізгісі келетін азаматтарды тауып, өз айналысына жинауға, олармен бірігуге тиіс. Соның арқасында демократияның бірден-бір тірегі пайда болады. Қазақстанда бұл болмай қоятын тәжірибе емес.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Жалпы Қаңтар мен Украинадағы ахуал қазақ қоғамын ұлттық бірегейлікке, тәуелсіз болуға, отарсыздануға итермелей түскен сияқты. Бұл жөнінде не дейсіз?

— Бұл жөнінде зерттеулерден келтіретін деректерім болмаса да, Қазақстанда қазақ тіліне деген энтузиазмды, азаматттардың оны қолдануға деген құлшынысын байқап жүрмін. Бұрын бұл тілді білмеген азаматтар қазір оны меңгеруге тырысып жүр. Білетіндерінің тілді қолдану аясын кеңейте түскенін байқаймын. Менің ойымша, бұл — Қазақстанда бұрыннан басталған үрдіс, бірақ шынында да бұл процесс биылғы қаңтар мен ақпаннан кейін бұрынғыдан да жылдамырақ бола бастаған сияқты. Өйткені Қазақстан мен Украинаның ортақ тарихы бар. Украина халқының қазір бастан өткеріп жатқаны Қазақстан халқын да бейжай қалдырмайды. Осы себепті де қазақстандықтардың украиналықтарға жанашыр болуы түсінікті.

Ресейдің кейінгі жылдары өзіне көрші бірнеше мемлекетке басып кіргені анық. Бұған қоса, бұл ел өзінің геосаяси мақсатына жету ісінде өзге мемлекеттердің экономикалық тәуелділігін қолданатыны рас. Украина осы дағдарыстан өтіп жатқалы ұлттық бірегейлігіне ұмтылып жатыр. Менің ойымша, адамдар тіл мен тарих, мәдениет арасындағы терең байланысты түсініп жатқан сияқты. Ал бұлар — ұлттық бірегейліктің түбінде жатқан басты құндылықтар.

Біз Қазақстан үкіметінің үш тіл бойынша бағдарламасын қолдаймыз. Алайда қазақ тілінің дамуына да басымдық бергіміз келеді. АҚШ-тың өз дипломаттарына қазақ тілін оқытуы — осының көрінісі. Қазіргі күні елшілікте де, консулдықта да қазақ тілін білетін дипломаттар бар. Олардың саны көбейе бермесе, азаймайды. Біз тілмен қоса Қазақстанның тарихын қағаз бетіне түсіру, рухани құндылықтарды келешек ұрпаққа жеткізу бойынша бастамаларға қолдау жасағымыз келеді.

— «Қазақстанда қазақ тілі басымдыққа ие болып келеді, болашақта орыс тілінің ықпалы азайып, азаматтар ағылшын және қытай тілінде көбірек сөйлейді» деген пікір бар. Бұл туралы не ойлайсыз? 30 жылдан астам уақыт орыс тілі мемлекеттік тілімен қатар қолданып келе жатқан елде бұл мүмкін бе?

— Дұрыс айтасыз, Қазақстанды Ресеймен байланыстыратын факторлар көп: екі елдің ұзын шекарасы, ортақ тарихы бар. Екі мемлекет талай тарихи кезеңнен бірге өтті. Содан кейін орнаған мәдени, экономикалық байланысты айтпай кетуге болмайды. Бұл қанша уақыт өтсе де, белгілі бір деңгейде сақталып қалады. Мұны орынды процесс деп ойлаймын.

Қазақ тілінің болашағы қазіргі жастардың қолында деп есептеймін. Келешек ұрпақ өз болашағын қай жақта көргісі келетініне қарай таңдау жасайды ғой. Өзімнің «Қазақстан жастары қазақшамен қоса, ағылшын тілін де көбірек меңгере береді» деген үмітім бар.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Бас консул қызметіне кіріспей тұрып қазақ тілін үйрене бастағаныңызды білеміз. Қазір қазақшаңызды қалай жетілдіріп жатырсыз? Ой-пікіріңізді бөлісе алатын қазақтілді орта таба алдыңыз ба?

— Қазақ тілі — өте әдемі, бай, оқуға да қиын тіл. Оны меңгере бастағаныма екі жылға жуықтап қалды, әлі де оқи беремін. Мүмкіндік туып жатса, жиі қолдануға тырысамын. Бүгінгі сұхбатта да қазақ тілін аздап болса да қолдануға, тыңдауға мүмкіндік туып отыр. Сол үшін сізге рақмет!

Репетиторымнан басқа да адамдармен қазақша жиі сөйлеуге тырысамын. Қазір сабақтарды онлайн өткізіп жүрміз, өйткені репетиторым декреттік демалыста. Әлі де оқуды жалғастыра беремін, сабақтарымды үзбеймін. Тілді меңгеру көп уақыт алатын процесс, алдағы жылдары да оқи беремін.

Алматыдан басқа жерге барып қалсам, халық менімен бірден қазақша сөйлесіп кетеді. «Қай тілде сөйлесеміз?» деген сұрақ та тумайды. Осылайша, қазақшамды өзге өңірлерге барғанда көбірек қолдануға мүмкіндік туады. Сол себепті осы жылы басқа өңірлерге көбірек саяхаттауды жоспарлап отырмын.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Биылғы жазда АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметін уақытша атқарған Джуди Куо екеуіңіз журналистермен кездескеніңізді білеміз. Осы кезде қазақстандық медиа өкілдері қандай да бір көмек сұрады ма? АҚШ Миссиясы Қазақстандағы БАҚ бостандығын қалай қолдай алады?

— Мықты, демократиялы қоғам орнауы үшін тәуелсіз медианың болуы, оның еркін дамуы және тұрақты болуы — ең негізгі фактордың бірі.

Дұрыс айтасыз, астанадағы елшілік те, Алматыдағы консулдық та, Қазақстандағы медиа өкілдерімен үнемі кездесіп отырады. Қазақстандағы журналистиканың жай-күйін біліп отыруға тырысамыз. Кездесу, пікір алмасу — жұмысымыздың тұрақты бөлігі. Бұған қоса, Қазақстандағы және Орталық Азияның басқа елдеріндегі тәуелсіз медианы да қолдауға арналған түрлі бағдарламамыз, жобамыз бар.

Медиа өкілдерімен кездесулерде бізді қызықтыратын сұрақ көп, түрлі мәселені талқылаймыз. Бұл біздің журналистерді, медианы қолдайтын бағдарламаларды жасауға ғана көмектесіп қоймайды, өзекті проблемаларды Қазақстан үкіметімен кездесулерде де көтеруге тырысамыз.

Біз осындай кездесулердің арқасында Қазақстан медиасының дамуына не қажет екенін біліп, Вашингтоннан қаржылай қолдау алуға тырысамыз. Өзіміз де, АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) де бұл қаржыны журналистердің кәсіби білігін арттыратын бағдарламаларға, тренингілерге жұмсаймыз. Өзіңіз де USAID Internews халықаралық ұйымымен бірге MediaCAMP дейтін бағдарламаны жүзеге асырып жатқанын білетін шығарсыз? Бұл Қазақстанда да, Орталық Азияда да медиа қызметкерлерінің түрлі дағдыны меңгеруіне көмектеседі. Енді қазақша жазатын журналистерге арналған жеке бағдарламаларды дайындап жатырмыз. Өйткені мұны маңызды деп есептейміз.

Сонымен бірге биылғы Go Viral фестивалін де атап өткім келеді. Бұл — медиа саласына үлесін қосатын маңызды шара. Қателеспесем, Алматыдағы фестиваль 1,5 мыңға жуық адамның басын қосты. Айтпақшы, биыл фестиваль алғаш рет Орталық Азияның өзге елдерінде де өтті. Оған 6 мыңдай адам қатысқан. Медиамен қоса, бизнес, технология, мәдениет саласын тоғыстырған бірегей шара болды. Go Viral Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия мемлекеттерінде әрі қарай да қауымдастық болып дами береді деген үміттенемін. Биыл келе алмағандар келесі жылы қатыса алады!

Кэролайн Сэвидж 2022 жылғы 24 тамызда Алматыда Мұхтар Әуезовтің «Америка әсерлері» кітабының презентациясы кезінде журналистерге сұхбат беріп тұр. Архив фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Соңғы сұрақ. Алматыдағы өміріңіз туралы айтып беріңізші…

— Өзім де, отбасым да Алматының табиғатын сүйеміз. Тереңқұрға жиі барамыз. Өйткені дәл осы жерде көңілге тыныштық ұялайды. Оның үстіне, бұл жерге жақын тұрамыз. Кейде жұмыс күні басталғанға дейін де осында серуендеймін.

Отбасыммен тауға жиі шығамыз. Бутаковкаға, Медеуге, Шымбұлаққа барып көрдік. Ұлым сегізде, ал қызым бесте. Олар шаңғы мен коньки тебуге әбден үйреніп алыпты. Өзім қысты аса күтпеймін, бірақ балаларыма Алматыдағы бұл мезгіл қатты ұнады. Сол себепті қыстың тезірек түскенін күтіп жүр.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидждің резиденциясындағы отбасымен бірге түскен фотосы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұған қоса, Алматыға жақын туристік орындарға да саяхаттап жүрміз. Өзім былтыр Қазақстанға келген бойда «Таңбалы» музей-қорығына барғаныма қуанамын. Өйткені қазақ халқының тарихын білген сайын қызыға түсемін. Мұндағы сақ дәуірінен қалған жазбаларды көру керемет әсер сыйлады. Өткенде отбасыммен, достарыммен Алматы облысындағы Есік көліне бардым. Сол кезде «Алтын адам» табылған Есік қорғанын да көрдік.

Шымкент пен Түркістанға сапарым да ұнады. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне соқтым, Керей мен Жәнібек хандардың жерленген жерін көріп, қазақтардың 1465 жылдың өзінде мемлекет құрғанын, Қазақстанның тарихы тереңде екенін білдім.  Болашақта баратын, саяхаттайтын жер өте көп.

— Кэролайн ханым, сұхбатыңызға рақмет, қызметіңізге табыс тілейміз!

— Сізге де алғысым шексіз!