Басты бетЖаңалықтарАбай облысының...

Абай облысының өрт болған ауданында әкім ауысты

Айдар Ибраев Абай облысында өрт болған Бородулиха ауданының әкімі болды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігі мен Бородулиха ауданының мәслихат депутаттарының келісімімен және Абай облысы әкімінің өкімімен, Бородулиха ауданының әкімі лауазымына Ибраев Айдар тағайындалды, — делінген хабарламада.

Айдар Ибраев 1979 жылғы 27 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Ақши ауылында туған. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы «Дидар» газетінің тілшісі қызметінен бастаған. 2004 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратында түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. Сонымен қатар Ұлан ауданы әкімінің орынбасары, Жарма ауданы әкімінің аппарат басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2022 жылғы қазан айынан бастап осы күнге дейін Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысы лаузымын атқарды.

Айта кетейік, бұған дейін әкім қызметін Ахметқали Нұрғожин атқарған еді.

Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 15 адамның өмірін жалмады.

9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.

10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.

11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.

Абай облысында төтенше жағдай кезінде қаза болғандар «Құрмет» медалімен марапатталды.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.

12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

13 маусымда өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінді.