Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағын қарап шықты. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министр елдімекендердің табиғи өрттен қорғалуын бақылады. Бүгінгі күні қауіп жоқ.
Сырым Шәріпханов барлық күштер мен құралдар ормандағы өрттің елдімекендерге өтуіне жол бермеу бойынша жұмысты жалғастырып жатқанын айтты. Сонымен қатар топтастырылған күштер мен құралдарды тиімді қолдануды қамтамасыз етуді тапсырды.
Өртті сөндіруге ТЖМ, орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және қорғаныс министрлігінен 1 900 адамнан астам, 360 техника жұмылдырылған. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 1 526 рет су төгілді, жалпы көлемі 4 486 тонна.
Өртті сөндіру +270-ден +320С-ге дейінгі жоғары температуралық фонмен, жану алаңының ауқымдылығымен және солтүстік, солтүстік-шығыстан секундына 14 метр жылдамдықпен соққан желге, күндіз оның екпіні секундына 20 метрге дейін жетуіне байланысты қиындады.
Сонымен қатар өрт Семей қаласына қарай бағыт алғаны байқалды. Уақытылы қабылданған жедел шаралардың арқасында өрт 30 километр жерде тоқтатылды, — делінген хабарламада.
Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 15 адамның өмірін жалмады.
9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.
10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.
11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.
Абай облысында төтенше жағдай кезінде қаза болғандар «Құрмет» медалімен марапатталды.
Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.
12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
13 маусымда өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінді.