Абай облысындағы өртті сөндіруге Түркия мен Өзбекстан көмек ұсынған. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров БАҚ өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Мемлекет басшысы, сонымен қатар сыртқы істер министрі әріптестерімен телефон арқылы сөйлесті. Түркия мен Өзбекстан Абай облысындағы өртті сөндіруге көмектесуге дайын екенін білдірді, — деді Айбек Смадияров.
Айбек Смадияров мемлекеттердің басқа елдерден қандай жағдайда көмек сұрай алатынын айтты.
Егер апат ауқымды болса, оның зардаптарын жоюға мемлекеттің шамасы жетпесе, басқа елдерден көмек сұрауға мәжбүр болады. Әзірге ондай көмек сұрап жатқан жоқпыз, — деді СІМ ресми өкілі.
Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 15 адамның өмірін жалмады.
9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.
10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.
11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.
Абай облысында төтенше жағдай кезінде қаза болғандар «Құрмет» медалімен марапатталды.
Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.
12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
13 маусымда өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінді.