Абай облысында үш күн бұрын жоғалып кеткен ауыл тұрғыны Сергей Архиповтың мәйіті табылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Полицияның мәліметінше, Бесқарағай ауданы Долон ауылының тұрғыны Сергей Архипов 10 маусым күні хабар-ошарсыз кеткен.
Үш күнге созылған іздеу жұмыстары кезінде Архиповтың денесі өрт сөндіру орнынан 50 шақырым жерде табылды. Марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ.
Ер адамның денесі қызметтік иттің көмегі бойынша табылды. Сот-медициналық сараптама жасалады, оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады, — делінген хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің өзге де деректері жария етілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында отқа оранған орман алқабында 1987 жылғы Сергей Архиповтың жоғалып кеткені хабарланған болатын. Бесқарағай ауданы Долон ауылының тұрғыны трактормен өрт сөндіруге шыққан. Соңғы рет 10 маусымда байланысқа шығып, өртті сөндіруге көмектесіп жатқанын айтқан. 12 маусымда полицейлер Сергей Архиповтың тракторын тапты.
Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 15 адамның өмірін жалмады.
9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.
10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.
11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.
Абай облысында төтенше жағдай кезінде қаза болғандар «Құрмет» медалімен марапатталды.
Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.
12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
13 маусымда өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінді.