Мемлекет ғарыш саласын зерттеп жүрген ғалымдарды қалай қолдап отыр? Бұл сала елімізде қалай дамып жатыр? Жас астрономдар нені зерттеп жүр? Baribar.kz тілшілері әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің астрофизика зертханасына барып, физика-техника факультетінің аға-оқытушысы, PhD, астрофизик Гүлнұр Сүбебековамен әңгімелесіп қайтты.

«Зертханада қосжұлдыздарды зерттейміз»

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті — астрофизик маман даярлайтын жалғыз университет. Факультет 1990 жылы ашылған.

Гүлнұр Сүбебекова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

1990 жылы университеттегі ғалым-профессорлар болашағы бар деп астрономия мамандығын ашқан. Өзім 2011 жылы бакалаврға түсіп, содан кейін осы оқу орнында қалып қойдым. Магистратурасын оқыдым, докторлық жобамды да қорғап шықтым. Бірақ, шыны керек, мектеп бітіріп жатқанда бұл мамандыққа қатты бір қызыға қоймадым. Себебі мамандық жайлы көп нәрсе айтыла да бермейтін. Оқи келе, білім ала келе, қызығушылығым арта түсті, — дейді ол.

Гүлнұр қазір университеттегі астрофизика зертханасында жұмыс істейді. Мұнда ол әріптестерімен, студенттерімен аспан денелерін зерттеп, ғылыми жобалармен айналысады. Зертхана 2020 жылы ашылған.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Докторантурадағы жетекшім Серік Хохлов физика-астрономия бағыты бойынша докторантурадан кейінгі байқауда грант ұтып алып, осы зертхананы ашқан. Соны қаржыландыруға берілген ақшаға барлық жабдықты сатып алдық. Бұл зертханада қосжұлдыздарды, оның ішінде ыстық жұлдыздарды зерттейміз. Қосжұлдыздар дегеніміз — екі жұлдыздан тұратын элемент. Екі жұлдыз ортақ массаорталықты айналып жатады, екеуінің бірінің гравитациясы жоғарырақ болады. Өзім де докторлық кезінде осы жұлдыздардың құрамын зерттеп, моделін салумен айналыстым. Аспандағы жұлдыздардың 80%–і — қосжұлдыздар. Қарапайым тілмен айтқанда, Күн — жалғыз жұлдыз, яғни оның айналасында планеталар бар, ал қосжұлдыз — екі күннің бір-бірін айналып жүргені деп түсіндіруге болады, — дейді ол.

Қосжұлдыз макеті. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Зертхана мамандары қаладағы ірі обсерваториялармен бірлесе жұмыс істейді. Гүлнұр бұл жақында қолға алынған шара екенін айтты.

Алматыда В.Г.Фесенков атындағы орталық астрофизикалық институтқа қарасты үш обсерватория бар. Біреуі Омаров көшесінің бойында орналасқан. Онда, әдетте, түрлі экскурсия ұйымдастырылады, адамдар айды көруге көптеп барады. Тянь-Шаньдағы обсерватория Үлкен Алматы көлінен 2 500 метр биікте тұр. Үшінші обсерватория Асы-Түрген үстіртінде орналасқан. Біздің университеттегі бакалавр студенттері өндірістік тәжірибе уақытында сол үш обсерваторияның біріне барады. Ал магистранттар мен докторанттар университет зертханасында түрлі зерттеу жасай алады. Мұғалімдердің, жас ғалымдардың бәрі осы зертханада лабораториялық жұмыспен айналыса береді, — дейді Гүлнұр.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Зерттеулеріміз әлем ғалымдарының оң бағасын алды»

Гүлнұрдың айтуынша, қаладан көп аспан денесі көріне бермейтіндіктен, олар зерттеу үшін обсерватория мамандарынан кейінгі аспан суреттерін сұрата алады. Кейін зертхана мамандары мен студент-ғалымдар сол суреттер негізінде жұлдыздарды модельдейді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Обсерватория мамандары телескопқа түсірілген сәулелердің түсірілімін жинап, бізге электрон нұсқасын жібереді. Сосын біз оны арнайы бағдарламаға салып, өңдеп, деректерді тіркеп отырамыз. Суретті өңдеп, жұлдыздың қандай элементтері бар екенін, оның химиялық құрамын зерттей аламыз. Жақында студенттермен ыстық объектілерді зерттеп, олардың құрамында магний, оттегі сияқты ауыр элемент болатынына көз жеткіздік. Ал кейбір жұлдыздың температурасы төмен болғандықтан, онда тек сутегі мен гелий болады, — дейді ғалым.

Әр жұлдыз құрамы зерттелген соң, ол туралы ғылыми мақала жазылып, бекітіледі, халықаралық басылымдарда жарияланады. Осылайша зертханадағылар үнемі ғылыми ізденіс үстінде жүреді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

В(е) тобындағы FSCMA деген жұлдыздарға қатысты зерттеуіміз өте сәтті шықты. В тобындағы жұлдыздар өте ыстық болады, (е) — эмиссиялық сызығы бар деген сөз, демек оларды сәуле шығарады немесе жұтады деп бөлеміз. Студенттер сәуле шығаруы жоғары жұлдыздарды бір топқа бірлестіріп, зерттеу жобасын әзірлеп шықты. Жоба шетелдегі ғалымдардың оң бағасын алды, — дейді ғалым.

«Бес миллиард жылдан кейін Күн жойылып кетеді»

Қазір зертханада екі магистрант пен 10-нан аса бакалавр студенті жүр. Гүлнұр студенттердің зертханалық зерттеулерден тыс, әлемдік ғылыми ашылуларға да үлес қосуға ынталы екенін байқаған.

Әдетте, студенттердің мамандыққа қызығушылығы телескоп құрастырып, аспан денелерін жақыннан көргенде арта түседі. Қазір әлем Жерге ұқсайтын, өмір сүруге қолайлы планета іздеп жатыр. Бірнеше миллиард жылдан кейін Күн жойылатын болса, Жеріміз де жоғалып кетеді. Сол үшін қазір қолайлы планетаны, күн жүйесінен тыс жататын экзопланетаны іздеу үшін әлем бойынша көп қаражат бөлініп жатыр. Қазақстандағы Фесенков атындағы астрофизикалық институт мамандары да осы мақсатқа үлес қосып жатыр. Ал біздің студенттеріміздің көбі сол институтқа жұмысқа кіруді армандайды. Сонда барып, әлемдік зерттеулерге қатысқысы келеді, — дейді ол.

Гүлнұр бес миллиард жылдан кейін Күн жойылып кетеді деген ойын толықтыра түсті. Оның сөзіне қарағанда, әр жұлдыздың бекітілген өмір сүру ұзақтығы болады.

Әр жұлдыздың өмір сүру ұзақтығы әртүрлі. Күннің өмір сүру ұзақтығы — 10 миллиард жыл, қазір бес миллиард жылы артта қалды. Астрономдардың болжамынша, бес миллиард жылдан кейін Күн алып жұлдызға айналады, яғни сыртқы қабығын кеңейтеді. Ол жарылмайды, ішіндегі сутегі азайып, тек гелиі қалады. Мұндайда Күн жанындағы планеталарды жойып жібереді. Радиусы Марсқа дейін үлкейіп кетуі мүмкін. Осы күйде құрамындағы гелиі жанып біткенше тағы бірнеше миллиард жыл өмір сүреді. Содан соң сыртқы қабатын ғарыш кеңістігіне лақтырып жіберіп, өзі кішкентай ядро болып қалады. Мұндай ядро жұлдыздар «ақ ергежейлі» жұлдыздар деп аталады. Жұлдыздың өмірі осы ергежейлі кезеңімен аяқталады, — дейді ғалым.

Гүлнұр Күннің жойылуына адамдардың экологиялық іс-әрекеті әсер етпейтінін айтады. Оның айтуынша, жаһандық жылыну мен экологиялық мәселелердің Күн жүйесіне қатысы жоқ.

Күннің өмір сүру ұзақтығына біз ешқалай әсер ете алмаймыз. Жерде болып жатқан дүниенің бәрі Озон қабатына байланысты. Озон — ең қалың қабат. Ал біз түтін, қалдық көп шығаратындықтан, сол қабатты жұқартып жатырмыз. Күннен шығатын қауіпті радиосәулелер, гаммасәулелер сол Озон қабатының арқасында Жерге жетпейді. Жердің өмір сүруге қолайлы болуы да осы Озон қабаты болғанымен байланысты. Озон қабаты жұқарған сайын, Күннен қорғаныс да әлсірей береді, күн де ыси түседі, — дейді ол.

«Астрофизика мамандығына көпшілігі тек грант болғандықтан түседі»

Зертханада жүрген студенттер күн сайын кешке таяу далаға шығып, телескоптарын құра бастайды. Телескопты студенттер шамамен бір сағатта құрады. Гүлнұр бүгін аса көп элемент көріне қоймайды деп отыр.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жалпы, қаладан көп нәрсе көріне бермейді, өйткені қаладағы жарық кедергі келтіреді. Бүгін тек Шолпан көрінуі мүмкін, — дейді Гұлнұр.

Студенттер телескопын құрғанша сағат 20.00-ден асып кетті. 2-курс оқитын Қарлығаш Әзет ерекше белсенді болып жүр.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Достарым мен топтағы балалардың көбі мамандыққа аса қызыға бермейді. Көбі енді ұнатып, түсініп келе жатыр. Басында астрофизика мамандығына көпшілігі тек грант болғандықтан түседі ғой. Ал мен мектеп оқып жүргенде-ақ астрономия саласына қатты қызығып, мұны қайда оқытатынын іздеп, дайындалып оқуға түстім. 1-курстан-ақ сұранып, осы зертханаға келіп алатынмын. Сол кезде телескоппен алғаш көрген планетам Шолпан еді. Бүгін де сол планетаны көргелі жатырмыз, — дейді Қарлығаш Әзет.

«Қазақ астрономиясы — бөлек сала»

Шолпан планетасын телескоптан көріп болған соң, ғалым осы планетаға қатысты қызық дерек айтып берді. Шолпанның қыз есімімен аталған жалғыз планета екеніне қоса басқа ерекшелігі де көп.

Барлық планета Күнді сағат тіліне қарсы айналса, Шолпан сағат тілімен айналады. Өзі — сондай «тәкаппар», «қырсық» дене. Қазақтың Шолпан планета болса да, жұлдыз деп атап кеткенінің де себебі бар. Негізі планеталар сәуле шашпайды, жылтырамайды. Сәулені тек жұлдыздар шашады. Ал Шолпан сәуле шығара алатын жалғыз планета болғандықтан, қазақ оны Шолпан жұлдыз деп атап кеткен, — дейді Гүлнұр.

Гүлнұр астрономияны бір бөлек, қазақ астрономиясын бір бөлек түсіндіруге болады деп әзілдеп алды. Ғалым қазақ халқы түрлі планетаға өзінше атау бергенін, тіпті ол туралы түрлі аңыз бар екенін айтады.

Қазақтар ежелден астрономияға сүйенген. Қазақта Сатурн планетасына қатысты аңыз да бар. Көшпелі дәуірде қазақ отбасы жарқыраған жұлдызды көріп, Шолпан жұлдызы екен деп ойлап қалған. Сөйтіп есегіне мініп, жолға шығып кеткен екен. Негізі Шолпан таң ата көрінеді. Сөйтсе, туған Сатурн екен, ал уақыт — түн. Есектердің бәрін түнде қасқыр жеп қойған соң, қазақ Сатурнды «Есекқырған» деп кеткен, — дейді ол.

«Қазақстанның астрофизиктері тек теориямен шектеліп келді»

Гүлнұр Сүбебекова елде астрофизик мамандар жетіспейтінін айтады. Ол бұл сала ұзақ жылдық үзілістен кейін енді жандана бастады дейді.

Қазақстандағы жүздеген университеттің ішінен ҚазҰУ ғана маман дайындап отыр. Петропавлда бір университет бакалавр дәрежесін оқытады, бірақ осы күнге дейін жетістік жайлы бір де бір хабар естімедік. Жалпы, елдегі ғарыш, астрофизика саласы тек кейінгі 10 жылда ілгерілей бастады. Докторанттарымызды шетелге тағылымдамаға жіберетін болдық. Шетелдегі мамандармен байланысып, тәжірибе алмаса бастадық. Обсерваториялардан жұлдыздардың суретін алып, құрамын зерттеуді тек кейінгі екі жылда қолға алдық. Бұған дейін студенттер тек теориялық біліммен шектелетін, — дейді ол.

Гүлнұр Сүбебекова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Гүлнұр Қазақстанда көп жыл бойы практик астрофизиктер болмай қалғанын айтады. Ол обсерваторияда істейтіндердің көбі 70-80 жас шамасындағы мамандар дейді.

Кезінде Қазақстан аумағында салынған бірнеше обсерваторияның негізгі қолданушылары біз, астрономдар деп ойлаймын. Онда істейтіндердің көбі — 70-80 жастағылар мен енді іске кірісіп жатқан 25-30 жастағы мамандар. Орта үзіліп қалды, 40-50 жастағы астрономдар жоқ. Демек сол жылдары ашылған ғылыми жаңалық, аспан әлемін зерттеудің жаңа әдістері де ескерілмей қалған болуы мүмкін. Әрине, бұған КСРО-ның құлауы әсер еткен болар. 20-30 жылдық үзілістен кейін қайта жұмыс басталып жатқаны қуантады. Қиын болса да, қолға алуға болады деп ойлаймын, — дейді ол.

Ғалым Қазақстанның ғарыш саласының дамымай жатқаны, аспан әлемі мен еліміздегі ғарыш саласы туралы ақпараттың аз болғаны осы 30 жылдық үзіліспен байланысты дейді. Сондықтан ол қазір «Өскенде ғарышкер боламын» дейтін балалар да азайып кеткенін айтады. Бірақ Гүлнұр алдағы 10 жылда жақсы мамандар шығатынына сенеді. Оның айтуынша, қазір мемлекет те ғарыш саласын дамытуға көп көңіл бөліп жатыр.

Мемлекет те білікті маман даярлауға мүдделі болып, қолдауға дайын отыр. Қазір осы саладағы ғылыми жобаларға қаржы жақсы бөлініп жатыр. Мысалы, докторлықтан кейінгі жоба негізінде грант алып, екі жылдық қаржыландыруды ұтып алуға болады, — дейді ол.

Сол жоба негізінде ғалым екі жыл зерттеу жүргізіп, ғылыми мақалалар жариялап, осы салаға үлес қосуы керек. Гүлнұр қосжұлдыздарды зерттеуге арналған жобасына мемлекеттен 19 миллион теңге грант алған.

Жобаны ұсынған кезде берілетін соманың қанша теңгесі жалақы екенін, шетелдегі ғылыми семинарларға қатысуға кететін шығынды, зерттеу шығынын және тағы басқасын нақты көрсету керек. Грант ұтып алу үшін үміткер қандай жұлдызды зерттейтінін, қандай нәтиже көрсететінін, зерттеуге қанша уақыт, қанша сома керек екенін нақты жазуы керек. Комиссия тақырып қаншалық маңызды екеніне қарап, грант беру-бермеу туралы шешім қабылдайды, — дейді ол.

Бұған қоса Гүлнұр Сүбебекова мемлекет қаржыландыру сомасын да арттырып жатқанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, былтыр 23 миллион теңге ұтып алған әріптестері болған. Ғалым мемлекет ғарыш саласын қолдаса, оған қызығатын жастар артатынына, солайша елдің ғарыш саласы дамитынына сенеді.

***

Тағы оқыңыз: 

Қалдықтың 99%-ін өңдейді. «Қара сарбаз» шыбынын өсірудің пайдасы қандай?