SZH.kz қонағы, мануфактура құрылтайшысы әрі инвесторы Әділ Нұрғожин отандық сағат өндірісі, өзінің жетістікке жету жолы жайлы сөз қозғады.

Инвестициямен айналысқаныма 15 жылдай уақыт болды. Әртүрлі салаларға бизнес-періште ретінде көмектесемін. Дәл осындай жолмен екі жарым жылдай уақыт бұрын Amir Watches жобасын қолдадым. Қазіргі уақытта да мануфактураның дамуына үлес қосып жатырмын.

Әділ Нұрғожин, Amir Watches
Әділ Нұрғожин

Алматы қаласында туып, өстім. Қаладағы «Қарасай» қазақ-түрік лицейін бітірген соң, ҚазҰУ-дағы халықаралық құқық мамандығына оқуға түстім. 1-курстан бастап бизнеспен айналысып кеттім. Шыны керек, заңгер мамандығы ұнамады. Сотқа қатыстым, өз салама қатысты істермен айналысып көрдім. Басқа адамдарға тәуелді болып, өзім шешім қабылдамайтындықтан ба, бұл сала соңында ұнамады. Ақыры бизнеспен айналысуды жөн көрдім. Консалтингтік компания құрдық, сауданың әр түрімен айналысып көрдік: ұялы телефондар сатып, жеке сауда орындарын аштық. Қырғызстаннан бағлан, тоқтыларды алып, Шелек ауылына әкеп қойған кездер де болды. Оларды өсіріп, жүнін қырқып, Рамазан айында сатып та көрдік.

«Шетелде қалмақ болдым, бірақ …»

2002 жылы «Студенттермен алмасу» бағдарламасымен АҚШ-қа оқуға кеттім. Бір жылдан соң елге оралып, Қытайға оқуға түстім. Мұның барлығы білім гранттарын жеңіп алу арқылы жүзеге асты. Қайтып келген соң, Алматы халықаралық әуежайында vip-қызметте жұмыс істедім. Бір жылдан соң АҚШ-тағы Монтана университетіне магистратураға түстім. Оқу орны 100 %-дық шәкіртақымен қамтамасыз етіп, бизнес-инкубаторға консалтер ретінде жұмысқа қабылдады. Жұмыс пен сабақтың ортасында болдық. Ешқайда шыға алмадық, шындығында қиын болды. Дегенмен оқуды үздікпен бітірдім. АҚШ-та стартаперларға көмектесіп, консалтингпен айналыстым. Уақыт өте келе әртүрлі қызметтерге ұсыныстар түсе бастады. Әкеммен кеңестім. «Қайт», — деді. Елге оралдым.

Amir Watches, сағат
Amir Watches өнімдері

«Жаһандық бизнеске қызмет етіп келеміз»

Қазақстанға келіп инвестиция, бизнесті дамыту саласымен айналыстым. Астанадан «Центральный» деген фармацевтикалық желі аштық. Оны саттым. «Самұрық-Қазынаның» инвестиция департаментінде жұмыс істеп те үлгердім. Қазіргі уақытта тәуекелі жоғары венчурлы инвестициялармен айналысамын. Америкалық венчурлық компания құрылтайшыларының бірімін. Қор құрылып, екі жақты келіссөздер жүріп жатқан уақыт еді. Алғашында ресейліктерге маман ретінде көмектескенмін. Нью-Йорктегілер мені ұнатқан болуы керек, өздері шақырып, жұмыстары жайлы айтты. Стартаптар мен үшін қызық әлем болды. Алты жыл болды, жаһандық бизнеске жұмыс істеп келеміз.

Қазақстандағы бірінші сағат мануфактурасы қалай құрылды?

2014 жылы Жәнібек Қарсыбаев сағат мануфактурасын құру жайлы идеясымен маған келді. Басында қабылдамадым. Кейіннен «қолға алып көрейік» деген шешімге келдім. Қазіргі уақытта швейцариялық, жапониялық механизмдермен сағаттар жасаймыз. Тауар жеткізушілерді табу үшін, мануфактуралармен жұмыс істеу үшін 3 жыл уақыт кетті. Бұл — мен атқарған жұмыс емес, Жәнібектің еңбегі. Ол алғашында барлығын хобби ретінде бастаған.

Әділ Нұрғожин, Жәнібек Қарсыбаев
Әділ Нұрғожин, Жәнібек Қарсыбаев

Жәнібек — 16 жасында Тараз қаласынан Алматы, Астананы көрмей, тура Америкаға кеткен жігіт. Шетелге шығу жолы да өте қызық. Миссонерлерге еріп, құрлық асқан. Онда барған соң еден, ыдыс жуған, құрылыста болған. Көп қиыншылықтар көрген. Біз онымен Монтана университетінде таныстық. Жәнібек Монтананы ең үздік студент ретінде бітірді. Мұндай деңгейге дейін шығу екінің бірінің қолынан келмейді. Әкесі жай ғана бокстан, ал анасы гимнасикадан тренер. Өз күшімен көтерілген қазақ. Алғашында Жәнібекке көмектесіп, инвестиция құйдым. Ақырында өзім де осы салаға қызығып кеттім.

Amir Watches өнімдері
Amir Watches өнімдері

Алғаш құрастырған сағаттарымыз «Төрт мезгіл» коллекциясымен шықты. Оларға Тag heuer швейцариялық механизмін салуды жоспарлағанбыз. Қорабына сыймай қалды. Сапасына зарары тиді. Кейін Жапонияның «Miyota» механизмімен алмастырдық. Көп нәрсе біз жоспарлағандай болмады. Басында «мамандар бірден табылады, механизмдерді алған соң, оны құрастыру оңай болады» деп ойлағанбыз. Іс жүзінде, Алматыдан сағат жасай алатын, қолынан іс келеді деген үш егде жастағы шеберді әрең таптық.

Amir Watches өнімдері
Amir Watches өнімдері

Сол жылы желтоқсанда Алматыдағы «Rixos» қонақ үйінде бірінші презентациямызды жасадық. Сәтсіз болды. Көп адамдарды шақырдық. Шақырылған 300-дей мықты кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері, блогерлерден бар-жоғы 100-дей ғана адам келді. Шақыру қағаздарын өз қолыммен таратқан едім. Бірақ соңында үлкен шығынға ұшырадық. Еңсеміз түсті. Екі аптадай команда рухы өшіп қалды. Содан «бастаған ісімізді соңына дейін жеткіземіз» деп, «Төрт мезгілді» төрт қорапқа салып, жеке презентациялар жасауға көштік.

«Бізге жол ашқан азаматтар аз болмады»

Фейсбук арқылы сол кездегі «КТК» телеарнасының бас директоры Арман Шурайевқа хабарластым. Оның қазақша күресті қолдап жүрген азамат, ұлтшыл жан екендігі жайлы еститінмін. Сағаттарымыз жайлы айтып, кішігірім презентация жасағаннан кейін, Арманның бізге айтқаны: «Жігіттер, сағаттарың мықты. Бизнестерің басталып жатыр. Ұлттық этникалық мотивтері бар. Өздерің қазақсыңдар. Қолдадым», — деп сейфтен 3 млн теңге ақша шығарып берді. «Алға!» деп бізге үлкен қолдау жасады. Еңсеміз түсіп жүрген уақытта бұл үлкен серпіліс болды. «Ешқайда кетпейсіңдер ғой, мына сағаттарыңды алып презентацияларыңды жалғастырыңдар. Бірақ мен қоңырау шалғанда алушы болыңдар», — деді (күледі). Бізге үміт артқаны өзімізге де үлкен сенім берді. Уақыт өткеннен кейін Арман мырза хабарласып, екі адамға өз атынан сағаттарды апарып беруімізді сұрады. Қарап тұрсақ, ол кісі бізге үш рет үлкен қолдау білдірген екен. Бізді жіберткен адамдары да үлкен қызметтегі азаматтар еді. Жаңа жол ашып берді. Бәлкім, Арман Шурайевтің батасынан болар, ісіміз алға басып кетті.

Осы уақытқа дейін әйелдерге арналған екі және ер адамдарға арналған бес коллекция шығардық. Екі жылдың көлемінде тұтас өндіріске айнала алдық. Елімізде танымал болып жатқан «Кербез», Елбасыға сыйланған «Отан» коллекциясы — Amir Watches өнімдері. Негізінен біздің тұтынушыларымыздың 80%-ы шетелдіктер.

Бизнестегі интернет құзіреті

Бұл тек Қазақстанда орындалып, бітетін шаруа емес. Жұмыстар интернет арқылы да жүргізіледі. Сағаттардың 80%-ы интернетпен сатылады. Дегенмен Алматы, Астана, Шымкент, Атырауда ритейл-серіктестеріміз бар. Ең жақсы тұсы, маркетингке көп ақша жұмсаған жоқпыз. Бүгінгі күнге дейін 500 доллардай ақша шығардық па, жоқ па? Белгісіз. Жақында Ташкент пен Бішкекке де сағаттарымызды эксперимент ретінде қойдық. Бір айдың ішінде сағаттарды ала бастады. Ісімізді халықаралық деңгейге көтеруді мақсат еттік. Қазіргі уақытта Kickstarter платформасындағы халықаралық краудфандингке қатысып жатырмыз.

Бүгінгі күнге дейін 132 мың доллардан астам сомада тауар сатылды. Бұл біз күтпеген жағдай болды. Негізінде бір айға 20 мың долларға жоспарлағанбыз. Меже небәрі 5 сағатта орындалды. Сатылымға қойғаннан кейін шетелдіктер тез сатып ала бастады. Фейсбукта осы жайлы хабарлағанымда, қазақтар қосылды (күледі). Белсенділік танытты. Қазіргі уақытта сатылған тауарлардың 25%-ын отандастарымыз алды. Бұл Қазақстанда электрондық коммерция бар екендігін дәлелдейді. Біз үшін бұл — үлкен прецедент.

Amir Watches өнімдері
Amir Watches сағаты

Қазақстандағы үлкен мәселенің бірі — адам санының аздығы. Географиялық жағынан теңіздерден алыспыз. Үлкен нарықтан қашықтамыз. Сондықтан біздің жасаған өніміміз сатылмайды. Ал интернеттің беріп жатқан құзіреті осында. Ойлаңызшы, ар жақта отырған корейлерге, сингапурліктерге, канадалықтарға біздің сағатымыз не керек? Интернет бұл түсінікті теріске шығарып жатыр. Сағат индустриясы — өте жабық нарық. Оған ену оңай емес.

Amir Watches өнімдері
Amir Watches өнімі

Механизмдерді ойлап табу өте қиын. Бізден кейін шыққан компаниялардың барлығы сағаттарды «Қазақстанда жасалған» деп айтып жатыр. Оның бәрі жалаң әңгіме. Дүниежүзінде механизмге ие болған үш-ақ мемлекет: Швейцария, Жапония және қазіргі уақытта қолданылмайтын, өте көп жөндеулерді қажет ететін ресейлік механизмдер бар. Механизмді жасау үшін бізде не маман, не мектеп жоқ.

Алдағы уақытта құрастыруды Қазақстанға алып келеміз. Халықаралық арбитраж сотына шақырмайтындай деңгейде құжаттарды реттеп алсақ, елімізде жасайтын боламыз сағаттарды (күледі). Бәрібір үйренеміз!

Сағаттарымызды титаннан жасаймыз. Жеңіл болғандықтан да ұшақтар осы металдан құрастырылады. Ал сағат белдіктері Италиядан алдырытылған таза былғарыдан дайындалады. 2 жыл кепілдік береміз. Егер қандай да бір зақым келсе, ешқандай сұрақсыз сағатты ауыстырамыз. Осы уақытқа дейін тұтынушылардың шамамен 2 пайызы ғана ауыстырды. Оның өзі, ең алғашқы коллекцияларда кездескен жағдайлар.

Менің жетістігіме әсер еткен үштік:

  1. Қазақ-түрік лицейіндегі білім мен орта. Ойлаңызшы, бұл 6-сыныптан бастап жатақханада тұрғанмен бірдей. Өз шаруаңды ерте жастан өзің бітіресің. Меніңше, баланы қаншалықты көп еркелетсең, соншалықты оған зақым келтіресің.
  2. 18 жасымда Америкаға барғаным бүкіл өмірді өзгертті. Шетелге шыққан азаматтар шекара жоқ екенін түсінеді. Бізге ортақ бір әлем бар. Болды.
  3. Тіл. Қазір Білім министрлігінің өзгертпелеріне қарсы шығып жатқан азаматтар көп. Олардікі бос әңгіме. Егер өзгеретін болсам, мен, міне, алдыларыңызда отырмын. Қазақ тілінен бөлек, бес тіл білемін. Менің қай жерім қазақ емес? Бұл — нағыз ретроград. Қазақ тілін білмейтін азамат қазақ бола алмайды, өзге тілді білмеген азамат адам бола алмайды. Бүгінгі күннің шындығы. Біз кішкентай ғана ешкімге керек емес мемлекетпіз. Осыны түсіну керек. 18 млн санымызбен біз жоғалып кетпейміз. Жойылмаймыз. Алайда бұл сан не нарық, не қаржы бола алмайды. Қазақ бар жерде қазақ тілі болады. Орыс тілін қоя тұрайық бір шетке, оның пайдасы шамалы. Бірінші ағылшын тілін үйрену керек.

Қазір бізбен оқыған, бірнеше тіл білетін қатарластарымның барлығы үлкен жетістіктерге жетіп отыр, ешкім далада қалмады. Неге? Өйткені оларда қажетті кілт бар. Тіл білген адамның санасы өзгереді. Бәсекеге қабілетті болады. Біз дүниежүзілік бәсекеге енуіміз керек. Швейцарияда бір адам кемінде 4 тілде сөйлейді. Сингапурде кемінде 3 тілде сөйлейді. Өйткені кішкентай нарық ешкімге керек емес. Менің тәжірибемнің көрсеткені — осы.

«Ақылды басқаға қарап үйренбейді»

Көп сөзді қойып, іске кірісу керек. Кез келген істі үйренудің жалғыз жолы бар – тәжірибе. Адам қиналуы керек, еті пісуі керек, жылауы керек. Сонда ғана сабақ алады. Кітапты оқып, оқып, ештеңе бітірмейтіндер бар. Мемлекет үшін, нарық үшін ауылда тезек теріп, қора тазалаған адамнан пайда бар. Өзім осындай ұстанымдамын. Кітап оқыдың ба, бірден іске асыру керек.

Балаларымды қалай тәрбиелеймін?

Менің үш балам бар. Үшеуінің мектепте алған теориялары мен үшін қызық емес. Маған қызық: олардың домбыраға барғаны, тіл білгені, каратэға қатысқаны. Математика, физика пәндерін жақсы оқуын қадағалаймын. Өйткені бұл пәндер баланың критикалық ойлауына көмектеседі. Мектепте оқығанымды мен практикамда қолданып жүрген жоқпын. Сіз ше? Ең маңыздысы — тәжірибе.

Инвестордан кәсіпкерге кеңес

Жалғыздың үні шықпайды. Сен қанша білімді, сауатты, еңбекқор болсаң да, жалғыз ұзаққа бара алмайсың. Қасыңа сенімді адамдарды топтастыруың керек. Ол адамдар бірін-бірі толықтыруы қажет. Мінезі жағынан әртүрлі болуы тиіс. Сол тәрізді білімдері де сан салалы болғаны абзал. Сонда олар үлкен жетістіктерге жетеді. Инвестор ретінде кәсіпкерлердің ортасына, бір-біріне деген қарым-қатынастарына, қолдарынан іс келетіндікдеріне қараймын. Осының барлығының комбинациясына мән беремін. Маған олардың қандай іспен айналысатындары қатты маңызды емес. Осы айтылған қасиеттер қай ортада болса, мен сол бизнеске қаржы құюға дайынмын. Бастаманың барлығы кәсіпкерден келуі тиіс. Көшбасшы кәсіпкер болуы керек. Ал инвестор катализатор ретінде екінші рөлді атқарады.

Әділ Нұрғожин, Amir Watches

Бизнестің үш түрі бар: b2с, b2b, b2g. Егер бірден нарыққа шыққыңыз келсе, мемлекетке тәуелді болғыңыз келмесе, тікелей клиентпен (b2c) жұмыс істеу керек. Ал егер біле тұра бизнесіңізді бір-ақ клиент, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік компанияларға көрсететін сервис немесе өнім ретінде жасайтын болсаңыз, өз обалыңыз өзіңізге. Ондай болса, ағаңыз бен көкеңізді табыңыз. Бұл — өмірдің шындығы.

Қазақстандық кәсіпкерлер дүниежүзіне танымал әрі бәсекеге қабілетті болса екен деп ойлаймын. Еліміздің басты қаһарманы шенеунік емес, прокурор емес, кәсіпкер болса деп армандаймын. Егер барлығымыз мұны қазірден бастасақ, алдағы 20-30 жылда көздеген деңгейге қол жеткіземіз.

Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.