Ұлттық банк: Инфляция үш ай қатарынан баяулап келеді

Қазақстанда инфляция бірнеше ай қатарынан баяулап келеді. Бұл туралы ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты.

Оның айтуынша, жылдық мәндегі азық-түлік инфляциясы ақпан айындағы ең жоғары көрсеткіш 26,2%-тен 16,5%-ке дейін баяулаған. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 17,2%-ке, ақылы қызметтер инфляциясы 13,5%-ке дейін бәсеңдеді.

Банк төрағасы азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша бензин мен дизель отынының шекті бағалары көтерілгендіктен, жанар-жағармай бағасы өскенін айтып өтті.

Қазақстандағы инфляция үш ай қатарынан баяулап, мамыр айында жылдық мәнде 15,9%-ке дейін төмендеді. Инфляцияның айлық деңгейі 0,6%. Ұлттық банк инфляцияның баяулау үрдісі одан әрі жалғасады деп күтеді, — деді Ғалымжан Пірматов үкімет отырысында.

Оның айтуынша, сыртқы экономикалық конъюнктураның жақсаруы инфляцияны тежеуге ықпал етеді. Ол азық-түліктің одан әрі арзандауынан және сауда-серіктес елдердегі төмен инфляциядан байқалады.

Ғалымжан Пірматов биыл 26 мамырда ұлттық банк тәуекелдер балансын ескере отырып, базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдағанын еске салды. Оның айтуынша, бұл елдегі инфляцияны одан әрі баяулатуға ықпал етеді.