1 шілдеден бастап «Семей орманы» орман шаруашылығының қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі.
Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мәлімдеді.
Оның айтуынша, жалпы аудан бойынша төрт жыл ішінде қаржыландыруды ұлғайту жоспарда бар. Бұл қаражат арнайы техникаларды жаңартуға және өртті ерте анықтау жүйесін орнатуға жұмсалады.
Үкімет отырысында орман шаруашылығы кәсіпорындарын материалдық қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Біз орманшылардың қажеті бойынша жағдайды талдап, қосымша қаржы сұраймыз, — деді Зүлфия Сүлейменова.
Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 14 адамның өмірін жалмады.
9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.
10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.
11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.
Абай облысында төтенше жағдай кезінде қаза болғандар «Құрмет» медалімен марапатталды.
Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.
12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
13 маусымда өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінді.