Басты бетЖаңалықтарҚырғызстанның экс-президенті...

Қырғызстанның экс-президенті тағы 10 жылға сотталды

Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев Құмтөр ісі бойынша кінәлі деп танылды. Бұл туралы Kaktus.media хабарлады.

Басылымның мәліметінше, экс-президент 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұрынғы үкімдерді қоса есептегенде, Құрманбек Бакиев жалпы 30 жыл түрмеде отыруы керек.

Бішкек Первомай аудандық сотының 2023 жылғы 1 наурыздағы үкімі бойынша Құрманбек Бакиев Қырғыз Республикасы қылмыстық кодексінің 336-бабы 2-бөлігінде көзделген «Ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың мүддесінде жасалған немесе ауыр зиян келтірген сыбайлас жемқорлық» қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды, — деп жазды басылым.

Сонымен қатар үкімде Құрманбек Бакиевтің мүлкі тәркіленіп, жазасын өтегеннен кейін үш жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайтыны айтылған.

Дәл осы іс бойынша экс-президенттің ұлы Максим Бакиев 13 жылға сотталды. Бұрынғы сот шешімдері негізінде ол өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Ал оның орынбасары Алексей Құмтөр ісі бойынша 12 жылға сотталған. Бұрынғы үкімдерін қоса есептегенде, ол 30 жыл түрмеде отыруы керек.

Геология және минералдық ресурстар агенттігінің бұрынғы басшысы Қапар Құрманалиев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұрынғы сот шешімін қоса есептегенде, ол 13 жыл түрмеде отыруы керек.