Күнге күйген ағзаға пайдалы ма? Дерматолог жауап берді

Ақмарал Манамбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Жазда күннен қорғанбаған адамның терісі күнге күйеді. Біреулер тек қызарады, енді бірі қараяды. Күнге күйген пайдалы ма? Зияны қайсы? Тері күнге қалай күйеді? Бұл сауалдарға дерматолог Ақмарал Манамбаева жауап берді.

Медицина саласында терінің түрге бөлінуін «фототип» деп атайды. Фототип дегеніміз – ультракүлгін сәулеге терінің реакция беруі. Фототип арқылы адамның күн астында қанша уақыт жүре алатыны және терісіне қандай күтім қажет екені анықталады.

Фототиптің түрлері

Фототиптің алты түрі бар.  Адамның шашы мен көзінің түсі фототипке байланысты болады.

Ақмарал Манамбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кельт фототипі

Терісі ақсары, фарфор, ашық-күлгін түсті адамдар кельт фототипіне жатады. Олар көбінесе жирен шашты болады. Ал көзі көк, ашық сұр, ашық жасыл болады. Қой көзділер өте сирек кездеседі. Бұл типтегілердің терісін көбіне сепкіл басады.

Кельт типіндегілердің күнге күйіп қалу деңгейі өте жоғары. Күннің астында 10 минут қана жүрсе, жеткілікті. Осы ұзатық қауіпсіз.

Кельт фототипіндегілерге күнге күюге мүлдем болмайды. Өйткені олардың терісінің құрамында меланин пигменттері жоқ. Бұл пигменттер теріні ультракүлгін сәулесінен қорғайды. Пигмент болмағандықтан, бұл фототиптегілердің терісі тек қызарады. Ал күннің астында ұзағырақ жүрсе, терісі қышып, дызылдап, күлбіреуі мүмкін, — дейді Ақмарал Манамбаева.

Еуропалық немесе скандинавиялық фототип

Маманның айтуынша, бұл типтегілердің терісі кельттерге қарағанда күңгірттеу. Терісі піл сүйегі, шабдалы және ашық дене түстес болады. Көзі сұр, қоңыр, жасыл және көк түсті. Жирен шашты, сарғылт, алтын түстес, ақ сарының барлық реңкті шашы болады.

Косметологтың айтуынша, бұл типтегі адамдардың терісінің күнге күйіп қалу деңгейі жоғары. Күн астында жүру қауіпсіз болатын уақыт — 15 минут. Әдетте, бұл типтегі адамдардың терісі күнге баяу тотығады. Олардың терісі көбіне күнге тотыққақнан гөрі, күйіп қалады.

Күңгірт еуропалық фототип

Бұл фототипке жататын адамдардың шашы күңгірт-аққұба, ашыққұба болады. Көзі қоңыр, көк, жасыл және сұр түсті. Қазақстандықтардың көпшілігінің терісі осы типке жатады.

Терісі қоңырқай, ашық қоңыр, ашық қоңыр сарғыш, күңгірт дене түстес болады. Күнге күйіп қалу дәрежесі орташа. Күн астында жүретін қауіпсіз уақыт ұзақтығы — 20 минут.

Дерматологтың айтуынша, бұл типтегілер көбіне күн сәулесінен күйік алмайды. Денесі алдыңғы фототиптерге қарағанда жұмсақ тотығады.

Жерорта теңіздік немесе оңтүстік еуропалық фототип

Қазақстандықтардың терісі осы типке де келеді. Оған қоса көбіне Латын Америкасының тұрғындарының терісі де осы типке жатады.

Олардың шашының түсі күңгірт құба, қара болады. Көзінің түсі қара. Сұр, жасыл, көк көздісі сирек кездеседі. Терісі қараторы, ашық қоңыр, ашық қола түсті болады.

Олар күнге қатты күймейді. Күн астында жүретін қауіпсіз уақыты — 30 минут. Күннен қорғайтын жақпа майды дұрыс таңдаса, терісі әдемі тотығады, — дейді Ақмарал Манамбаева.

Индонезиялық, Орта Шығыс фототипі

Маман бұл типтегілердің де терісі қараторы, сары қола, сары қоңыр, қызылдау қоңыр түстес болатынын айтады. Шашы күңгірт құба немесе қара. Көзі көбіне қара, қоңыр түсті.

Дерматологтың айтуынша, бұл типтегілер де күннен қатты күйік алмайды. Күн астында жүретін қауіпсіз уақыты — 50 минут.

Афроамерикалық фототип

Бұл типтегілер — ультракүлгін сәулесін мүлдем сезбейтін адамдар. Терісінің түсі нағыз қараторы, сары қола, сары қоңыр, қызыл кірпіш келеді. Шашы күңгірт құба, қара түсті. Көзінің түсі қара қоңыр. Олар күнге күймейді. Күн астында жүретін қауіпсіз уақыты — 60 минут.

Индонезиялық және афроамерикалық фототиптер терісі ультракүлгін сәулесіне төзімді. Сондықтан олар күн астында бір сағаттан артық бола алады, — дейді дерматолог.

Адамның күнге күю процесі қалай өтеді?

Маманның айтуынша, фототиптің биологиялық негізі меланоцит жасушаларынан тұрады. Меланоцидтердің құрамында меланин бар. Меланин — күн сәулесінің әсерінен боялатын пигмент. Ол терінің беткі қабатында орналасқан.

Адамның терісі қай фототипке жататыны меланоциттер санына байланысты. Күн сәулесі терінің ішіне еніп, мелониндерді бояйды.

Ақмарал Манамбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Тері қандай жағдайда күйеді?

Адам күннің астында шамадан тыс жүрсе, терісі күйеді.

Бірінші дәрежелі күйік екі-төрт сағаттан кейін пайда болады. Бұл кезде дене дызылдап, кейде ісуі мүмкін. Әдетте, бірінші дәрежелі күйік үш-бес күннен кейін жазыла бастайды. Содан кейін дене тартылып, қабыршақтанады. Бұл — терінің қалпына келе бастағанының белгісі, — дейді маман.

Дерматологтың айтуынша, екінші дәрежелі күйік кезінде дене қатты қызарады. Тері күрең тартып, көпіршік пайда болуы мүмкін. Дененің күйген жерлеріне қол тигізсе, ауырады. Оған қоса адамның дене қызуы көтеріліп, қалтыруы мүмкін.

Дене күйгенде не істеу керек?

Бірінші дәрежелі күйік кезінде салқын душ қабылдау керек. Ылғал, салқын сүлгімен компресс жасау қажет.

Тері күйгенде қаймақ, йогурт, күнбағыс майын жағу керек деген — миф. Бұл нәрселердің құрылымы тығыз болғандықтан, олар тері жабынын жауып тастайды. Сөйтіп теріге ауа өтпейді. Оған қоса бұл заттар теріде бактериялардың пайда болып, көбеюіне ықпал етеді, — дейді маман.

Дерматологтың айтуынша, адам күнге қатты күйсе, өзін өзі емдеудің қажеті жоқ, дереу жедел жәрдем шақыру керек.

Күнге күйген пайдалы ма?

Ақмарал Манамбаеваның айтуынша, адам ағзасына күнге күйгеннің еш пайдасы жоқ. Керісінше, зиян.

Ғылым адам өмірде күннен бес рет күйік алса, қатерлі ісікке шалдығатынын дәлелдеген, — дейді маман.

Күнге қатты күймес үшін не істеу қажет?

Дерматолог күнге қатты күймеудің бірнеше қарапайым ережесін айтты:

  • Сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін күннің астында жүруге, күннен тотығуға болмайды, бұл уақытта аралығында күн сәулесі қатты түседі.
  • Күн ыстықта баскиім киіп, қолшатыр ұстаған жөн;
  • Күн сәулесінен қорғайтын SPF жақпа майын жағу керек. Барлық фототиптегілерге SPF 50 жаққан дұрыс. Бұл майды сыртқа шығар алдында 20 минут бұрын жаққан жөн. Ал шомылуға барғанда, табиғат аясында демалғанда майды әр екі сағат сайын жағу керек.

Күнге күйген кезде неге қабыршақ пайда болып, тері түседі?

Маман ультракүлгін сәулесі терінің жоғарғы қабатын зақымдайтынын айтады.

Адам күннің астында көп жүрсе, тері күн сәулесінен кебеді. Дене зақымдалған теріні қабылдай алмай, күйген жерде қабыршақтар пайда болады. Оның астында дайын жаңа тері болады, — дейді дерматолог.

***

Тағы оқыңыз: