Қасым-Жомарт Тоқаев Босния және Герцеговина Президиумының төрағасы Желька Цвияновичпен кездесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Желька Цвияновичке ілтипат білдіре отырып, Астана халықаралық форумының жұмысына белсенді қатысқаны үшін алғыс айтты.
Президент бұл сапар екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және ауқымды мәселелер бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты іске асыру үшін жақсы мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып өтті.
Мемлекет басшысы Босния және Герцеговинаны Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Балқан аймағындағы перспективті сауда-экономикалық серіктес ретінде қарастыратынын айтты.
Желька Цвиянович қонақжайлық көрсетіп, жылы қабылдағаны, сонымен қатар Астана халықаралық форумына шақырғаны үшін алғыс айтты.
Бұдан бөлек ол аталған форумды өткізудің маңызын атап өтіп, оның аясында халықаралық ынтымақтастық пен жаһандық экономиканың қазіргі жағдайына қатысты жаңа бастамалар айтылғанын жеткізді.
Тараптар сонымен бірге халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Өзара сенімге негізделген келіссөздер сындарлы және мазмұнды сипатта өтті.
Келіссөз нәтижесінде екіжақты ынтымақтастықты жандандыру бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.