Сенаттың жаңа депутаты ант берді

Бүгін сенат отырысында Солтүстік Қазақстан облысынан жаңадан сайланған депутат Әсем Рахметова ант қабылдады.

Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарын мүлтіксіз орындауға, маған жүктелген депутаттық жоғары міндеттерді адал атқаруға ант беремін, — деді Әсем Рахметова.

Әсем Рахметова
Фото: t.me/AMANATPartiyasy

Депутаттық корпустағы әріптестері оны сенатор болып сайлануымен құттықтап, осы салада табыс тіледі. Ант қабылдағаннан кейін Әсем Рахметова сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі тұрақты комиссия құрамының мүшесі болып сайланды.

Еске салайық, 14 қаңтарда өткен сайлауда Солтүстік Қазақстан облысынан Гүлмира Кәрімова депутат болып сайланған еді. 27 қаңтарда сенат Гүлмира Кәрімованың мезгілсіз қайтыс болғаны туралы хабар таратты.

2 маусымда Кәрімованың орнына Солтүстік Қазақстаннан сенат депутатын сайлау ұйымдастырылды. Осы мандат үшін екі кандидат таласты.

Дауыс берудің нәтижесінде Amanat партиясының СҚО бойынша филиал басшысы Әсем Рахметова (74,4%) депутат болып сайланды.