Жаңадан сайланған сенатор Гүлмира Кәрімова қайтыс болды

Бүгін түнде жаңадан сайланған сенатор Гүлмира Кәрімова 46 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болғанын қайғыра хабарлаймыз. Оған алдын ала «анафилаксиялық шок» деген диагноз қойылып отыр. Қазақстан Республикасы парламенті сенатының депутаттары мен аппараты Гүлмира Раинбекқызының туыстары мен жақындарына көңіл айтады, — делінген хабарламада.

Гүлмира Кәрімова 1977 жылы 13 тамызда Петропавлда дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, бастауыш класс мұғалімі (1998); Көкшетау университеті, қаржы бакалавры (2008); Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінде магистратура, педагогикалық білім (2016 ж.) мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: Петропавл «Қалалық классикалық гимназия» ММ бастауыш класс мұғалімі (1998-2001); Петропавлдағы «N 20 орта мектеп» бастауыш класс мұғалімі (2001-2002); Петропавлдағы «Әл-Фараби мектеп-лицейі» ММ, бастауыш класс мұғалімі (2002-2004); Петропавл «Әл-Фараби мектеп-лицейі» ММ директорының бастауыш кластар жөніндегі орынбасары (2004-2006); Петропавл «Әл-Фараби мектеп-лицейі» ММ директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары (2006-2010); Петропавл «N 17 жалпы білім беретін орта мектеп-кешені» ММ директоры (2010-2013); «Петропавл білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы (2013-2017); Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы (2017-2021).

2021 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы болды.

2023 жылы 14 қаңтарда өткен сенат сайлауында Солтүстік Қазақстан облысынан жоғарғы палатаға депутат болып сайланды.