Тұрғылықты жері бойынша мобайл қолданба арқылы тіркелуге болады

Қазақстанда банктің мобайл қолданбасы арқылы тұрғылықты жері бойынша уақытша немесе тұрақты тіркелуге болады.

Бұл туралы ішкі істер министрлігі хабарлады.

Жаңа қызмет Kaspi.kz қолданбасында іске қосылды. Сол арқылы үй иесі өзін және отбасы мүшелерін (14 жастан асқан балалар), сонымен қатар бірге тұратын басқа да адамдарды өз пәтерінде тіркей алады. Сонымен қоса бірге тұрмайтын адамдарды өз бетінше тіркеуден шығара алады. Ал адам біреудің үйіне тіркелемін десе, онда сервистің өзі үй иесінің келісімін сұрайды.

Тіркеу кезінде ЖСН енгізу жеткілікті, адамның аты-жөні мен мекенжайы автоматты түрде шығады. Қызметті пайдалану қауіпсіз. Тіркелу кезінде фото сәйкестендіруден өту керек. Сонда ешкім біреудің атынан осы қызметті пайдалана алмайды.

Мобайл қолданбалар қарапайым және түсінікті, ал оларды пайдалану көрсетілетін қызметті алушы мен қызметкердің тікелей байланысын болдырмайды. Сондықтан ІІМ халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді смартфондарға шығаруға ерекше назар аударады. Ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер онлайн режимде қолжетімді. Енді азаматтар ХҚКО мен полицияға барып, кезекте тұрып, уақыт жоғалтпайды, – дейді көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов.