Премьер-министр «Алтын Орда» базарындағы заңбұзушылықты жоюды талап етті

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте «Алтын орда» базары жұмысының өзекті мәселелері қаралды.

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Базарда 5 мыңнан астам сауда орны бар, оған келушілер күніне шамамен 50 мың сатып алушыға жетеді.

Бас прокуратура және мемлекеттік органдармен тексеру нәтижесінде санитариялық, ветеринариялық, экологиялық, су, еңбек, сәулет-құрылыс, өртке қарсы, салықтық бақылау, сонымен қатар бәсекелестікті қорғау саласында 300-ден астам заңнама нормаларын бұзу жағдайын анықтады, — делінген хабарламада.

Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр қолданыстағы заңнамаға сәйкес түбегейлі шаралар қабылдау қажет екенін айтып өтті.

«Алтын орда» базарының қызметін ретке келтіру және бағаны қалыптастыруда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық бақылауды ұйымдастыру қажет, — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар барлық заңбұзушылықтар толығымен жойылғанға дейін уәкілетті мемлекеттік органдар қызметкерлерінен құралған тұрақты мобильдік топ құру тапсырылды.

«Алтын орда» базарының баға саясатына ықпалын азайтатын баламалы көтерме-сауда орталықтарын құру бойынша жұмыс жалғасады.