Елімізде машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары бекітіледі

Қазақстанда машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітіледі. Қаулы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының машина жасау саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілсін. Орталық және жергілікті атқарушы органдар жыл қорытындысы бойынша 20 қаңтардан кешіктірмей оның іске асырылу барысы туралы ақпаратты индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ұсынуға міндетті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жыл қорытындысы бойынша 1 ақпаннан кешіктірмей кешенді жоспардың орындалу барысы туралы жиынтық ақпаратты ҚР үкіметіне ұсынсын, — делінген үкімет қаулысында.

Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қаржы қаражатын талап етеді. Тиісті бюджеттік өтінімдер заңнамада белгіленген тәртіппен республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығару үшін қаржы министрлігіне жіберіледі.

  • Машина жасау кәсіпорындары үшін орташа өлшенген экспорттық бағадан кемінде 5% жеңілдік бойынша отандық металлургия өнімін басымдықпен жеткізуді қамтамасыз ететін тау-кен-металлургия және мұнай-химия кешені кәсіпорындарымен келісімдер жасасу;
  • Қолданыстағы лимиттердің шегін кеңейте отырып, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «Қазақстанның даму банкі» АҚ арқылы түпкілікті қарыз алушылар үшін жылдық 3% сыйақы мөлшерлемесі бойынша машина жасау саласындағы жобаларды қаржыландыру;
  • «Даму» КДҚ» АҚ арқылы түпкілікті қарыз алушылар үшін жылдық 6% сыйақы мөлшерлемесі бойынша машина жасау саласындағы шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау бағдарламасын әзірлеу және бекіту;
  • Қаржы ұйымдарын, оның ішінде екінші деңгейлі банктерді кепіл саясатына машина жасау кәсіпорындары үшін талап етілетін кепілді қамтамасыз ету мөлшерінің қарыз сомасынан асып кетуіне тыйым салу туралы нормаларды енгізу;
  • Орта және жоғарғы қайта бөлу өнімдерін шығаратын машина жасаудағы жұмыс істеп тұрған орта бизнес кәсіпорындарына бес жыл мерзімге салықтық міндеттемелерден босату (коперативтік табыс және қосымша құн салығы). Машина жасау үшін ШОБ сатып алған жабдықтарды бес жыл ішінде сатуға немесе жалға беруге тыйым салу қажет.
  • Машина жасау үшін инвестициялық жоба шеңберінде инвестициялар шегін төмендету:

— жаңа өндірістер құру бойынша кемінде 2 миллион АЕК-тен 1 миллион АЕК-ке дейін;

— қолданыстағы өндірістерді кеңейту және жаңарту бойынша 5 миллион АЕК-тен 2,5 миллион АЕК-ке дейін.

  • Машина жасау саласында кадрлар даярлауға кәсіптік қоғамдастықтар мен кәсіпорындардың өкілдерін тарта отырып, тәжірибеге бағдарланған орта кәсіптік білім беруді жетілдіруге және дамытуға бағытталған шаралар кешенін талдау және әзірлеу.

Индустрия министрлігінің мәліметінше, осы және көзделген өзге де жұмыстарды орындау кезінде мына нәтижелерге қол жеткізіледі:

— 2028 жылға қарай экспорт көлемі 5,7 миллиард долларға ұлғаяды;

— еңбек өнімділігі деңгейінің өсімі 81,9 мың долларға жетеді;

— 2028 жылға қарай саланың негізгі капиталына бағытталатын инвестиция көлемі 138,4 миллиард теңге болады.

Кешенді жоспар 14 маусымға дейін көпшілік талқылауда болады.