Бүгін мектептерде соңғы қоңырау соғылады

Бүгін, 1 маусымда еліміздің барлық мектебінде оқу жылы ресми түрде аяқталады. Білім ошақтарында салтанатты жиын өткізу жоспарланған.

Қазақстанда 3,7 миллионнан аса мектеп оқушысы оқу жылын аяқтап жатыр. 11-класты 172 мың түлек бітірсе, оның 6,8 мыңы «Алтын белгіге» үміткер.

Биыл 288 мыңнан астам түлек 9-класты аяқтап жатыр, олар алдағы уақытта 10-класты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайды.

11-класс түлектеріне жалпы орта білім беру туралы аттестат өз мектептерінің қабырғасында, 20-22 маусым күндері салтанатты түрде табыс етіледі.

Білім министрлігінің мәліметінше, бітіру емтихандары 9-класта төрт пән бойынша 2-13 маусым аралығында, ал 11-класс түлектері үшін бес пән бойынша 5-19 маусым аралығында өтеді.