5 маусымда «Болашақ» стипендиясына өтініш қабылдау басталады

«Болашақ» бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау 2023 жылғы 5 маусымда басталады. Құжаттарды қабылдау 7 шілдеге дейін жалғасады.

Бұл туралы халықаралық бағдарламалар орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Өтініштер eGov.kz мемлекеттік қызметтер порталы арқылы қабылданады. Бағдарлама бойынша құжаттарды қабылдаудың келесі легі 17 шілде мен 15 қыркүйек аралығында өтеді.

Биыл «Болашақ» бағдарламасына 555 адам қатыса алады. Бұл ретте 395 стипендия магистратура және резидентура, 50 стипендия докторантура, 110 стипендия тағылымдама бағдарламалары бойынша бөлінген. Басым мамандықтар тізімі 262 мамандықты қамтиды.

«Болашақ» бағдарламасы баспана, тамақтану, медициналық сақтандыру, ұшу, визалық алымдар, оқу материалдарын сатып алу шығындарын өтейді. Сонымен қатар еңбекпен өтеу мерзімі бір жылға қысқарады, — деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сәкенов.

Оның айтуынша, стипендияны тағайындау конкурсына жеңілдігі бар үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орнынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана қатыса алады.