Министрлікке қарасты мекеменің басшылары сотталды

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты сот үкімі шығарылды.

Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі хабарлады.

Қылмыстық іс Абай облыстық сотында қаралды. Тергеу материалдары бойынша, мемлекеттік мекеменің үш басшысы ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысып, кәсіпкерлерден жүйелі негізде 700 мыңнан 13 миллион теңгеге дейін пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Кәсіпкерлер заңсыз сыйақыны лауазымды тұлғаларға резерват аумағында санитарлық тазалау мен ағаш кесуге рұқсат бергені, мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарға кедергісіз қол қойғаны, сонымен қатар жалпы қамқорлығы үшін берді.

Резерваттың үш басшысы 10 жылға сотталды, ал пара берген бес адам бір жарым жылдан үш жарым жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сотталған адамдар өмiр бойы мемлекеттiк қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттiк секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.