Мемлекет басшысы «Қызылжар-Сүт» фермасына барды

Президентке сүт фермасындағы сауын цехы және мал бордақылау алаңы көрсетіліп, осы кешенде қолданылатын сүт өндіру технологиясы таныстырылды.

Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Тауарлық сүт фермасының бірінші кезеңі 2020 жылы іске қосылған. Былтыр кәсіпорынға 366 миллион теңге инвестициялық субсидия бөлінген және Германиядан симментал және голштин асыл тұқымды ірі қара сатып әкелінген. Ферма 60 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Президент агроөнеркәсіп кешені басшыларымен және қарапайым жұмысшылармен әңгімелесті. Олар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаудың нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығының дамуы тың қарқын алғанын айтып өтті.

сиыр, сүт ферма, ірі қара мал
Фото: Akorda.kz

Президент Солтүстік Қазақстан өңірінде мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыруға мол мүмкіндік бар екенін айтты.

Біз мұндай өндірістік жобаларға міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдікпен кредит беру өз тиімділігін көрсетті. Яғни, қаржыландыру жағынан мәселе болмауға тиіс. Сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыру керек. Бүкіл ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек, – деді мемлекет басшысы.

сүт фермасы
Фото: Akorda.kz

Мемлекет басшысы адал еңбегімен елді көркейтуге, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін ауыл еңбеккерлеріне алғыс айтты.

Президент облыс басшылығына жаңа фермаларды іске қосу және қолданыстағы шаруашылықтардың өндірістік қуатын арттыру арқылы сүт өндірісі бағытындағы мал шаруашылығын одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берді.