Қиын жағдайға тап болсаңыз, кез келген уақытта көмекке келетін арнайы мамандар бар екенін білесіз бе? Baribar.kz тілшілері Алматының құтқару қызметі мекемесіне барып, құтқарушылардың жұмыс күні қалай өтетінін біліп қайтты.

Штатта жалпы 100 құтқарушы бар. Олар төрт ауысыммен жұмыс істейді. Әр ауысымдағылар бір күн істеп, үш күн демалады. Бір ауысымға 25 адам шығып, олар көлікке бесеуден бөлініп отырады. Бақдәулет екеуіміз солардың бір көлігіне мініп ап, түскен қоңырауға бірге барып жүрдік.

Бір ауысымның жұмысы сағат 8.00-де басталады. Құтқарушылардың бәрі жұмысқа 7.00-ден өте келе бастайды. Біз де мекемеге сол уақытта жеттік.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сыртқы есіктен Мелдебек ата қарсы алып, аты-жөнімізді тіркеп қойды. Бақылау-өткізу пунктінде күзетші екен. Ішке кіргеннен кейін бүгін әңгімелесетін құтқарушыларды күттік.

Мелдебек
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Көп ұзамай олар жұмысына аяңдап келе бастады. Құтқарушының бірі — Бүркіт Қозы. Бұл мекемеде алты жылдан бері істеп келе жатыр. Бүгін де әдетінен жаңылмай, сағат 7.00-ден аса жұмысқа келді.

Бүркіт Қозы - құтқарушы
Бүркіт Қозы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әуелі киім ауыстыру бөлмесіне өтіп, арнайы формасын киді.

Бүркіт Қозы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Бүркіт Қозы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Бүркіт Қозы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Бүркіт Қозы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
құтқарушы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Содан кейін медициналық тексеруден өтуге барды. Біз де соңынан ердік. Құтқарушылар жұмыстың басында міндетті түрде алкотест тапсырып, қан қысымын өлшетеді. Жайы болмай тұрса, орнына басқа құтқарушы шақыртылады. Сосын әр құтқарушы қауіпсіздік ережесімен танысқаны туралы қағазға қол қояды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Содан соң арнаулы құтқару тобы жұмысқа арналған көлікті бұған дейінгі ауысымда істегендерден қабылдап алды. Ақау бар-жоғын, қажет жабдықтар түгел-түгел емес екенін тексерді.

құтқарушы көлігі
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Құтқарушы көлігі
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Енді міне жұмыс күні басталды. Қызметкерлер құтқару туралы қоңырау түскенін күтеді. Бүркіттің айтуынша, күніне орта есеппен 10-30 қоңырау түседі.

Мүлдем қоңырау келмеген күн болған емес. Демалыс күндері ауыртпалық екі есе артатын кездер де болады, — дейді ол.

Қоңырау диспетчер бөліміне түседі. Жазира Қанатбаева — осы бөлімнің аға кеңесшісі.

Жазира Қанатбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл қызметте 2003 жылдан бері істеймін. Халықтан түрлі жағдай бойынша қоңырау қабылдаймыз. Тұрмыстағы жағдайлар, өмірге қауіп төндіріп тұрған оқиға болуы мүмкін. Сонымен қатар таудағы іздеу жұмыстарына көмектесеміз, — дейді Жазира Қанатбаева .

Диспечтчер бөлімі
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Диспетчер бөлімі де төрт ауысыммен жұмыс істейді. Бір ауысымның жұмысы таңғы 9-да басталып, 24 сағат бойы жүреді. Бір ауысымда жеті диспетчер бар. Олар бір тәулік жұмыс істеп, үш күн демалады. Жазира үш күн тынығу олардың жұмыс өнімділігін ескере отырып жасалған амал екенін айтады.

Оператор болып жұмысқа тұру үшін күйзеліске төзімді болу — басты қасиет. Сонымен қатар тез шаршап қалатын, ойы шашыраңқы адам да операторлықты атқара алмайды. Адамдар құтқарушыны қай кезде шақырады? Әдетте, олар өз бетінше әрекет етіп болып, енді қауқарсыз қалғанын түсінгенде немесе расымен, адам өміріне қауіп төніп тұрғанда хабарласады. Мұндайда олар түрлі эмоцияға беріліп, сасқаннан сандырақтауы да мүмкін. Ал оператор дұрыс сұрақ қойып, дұрыс ақпаратты қабылдап үлгеруі керек. Себебі құтқарушылардың жұмысына бұл қатты әсер етеді, — дейді ол.

Диспетчер бөілімі
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Осы сәтте диспетчер аппаратынан «Балалар алаңында ойнап жүрген ұл баланың қолы қысылып қалған, шұғыл топты жібереміз бе?» деген дауыс естілді. Аға кеңесшінің «Иә, дереу» деген бұйрығынан соң, біз де көлікке қарай жүгірдік.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Көлікке шұғыл отырған соң, бірден сирена қосылып, аса үлкен жылдамдықта жүріп кеттік. Көлікте бес құтқарушы бар: жүргізуші-құтқарушы — Виталий Кельгин, құтқарушылар — Елдос Нұрсәлім, Данияр Тазабеков, Ғалымжан Ергеш және Бүркіт Қозы.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Алматының көшесі, әдеттегідей, кептеліс. Сирена ойнап тұрғанына қарамастан, көп көлік жол бере қойған жоқ. Виталийге көмектескісі келіп, Елдос рацияны қолына алды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жол беріңіздер, шұғыл қоңырау. Ақ «Тойота», тоқта, бізді өткізіп жібер. Солға, оңға қарай жылжыңыздар, ортаны ашыңыздар!

Бүркіт жол ережесін білмейтін, жүргізуші әдебін сақтамайтын көлік жүргізушілері құтқарушының жұмысына аса кедергі келтіретінін айтады.

кептеліс
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қарапайым нәрсе ғой, сирена қосылған соң, айтқызбай жол беруі керек. Көбі соны да білмейді. Құтқарушылардың, полиция мен жедел жәрдемнің кейде кешігіп келуінің бір себебі — осы. Үлгермей қалсақ, ана жақта біреу өліп кетуі де мүмкін ғой. Жүргізушілер осыны түсінуі керек. Негізі қаланың кез келген нүктесіне 15 минутта жете аламыз. Біздің қызмет көліктерін де тура полиция, жедел жәрдем көліктері сияқты бағдаршамның қызыл түсіне, жол ережелеріне қарамай айдауға құқылы. Бірақ полицейлер сияқты зейнетке ерте шыға алмаймыз, ел қатарлы 63 жаста шығамыз, — дейді ол.

Кептеліс сәл басылған соң құтқарушыларды әңгімеге тарттық.

Қазір Ақкент шағынауданына шұғыл қоңыраумен бара жатырмыз. Сегіз жастағы бала аулада ойнап жүргенде саусағы темір қақпа сымына қысылып қалған. Ата-анасы қолдан келгенін жасаған, көмектесе алмаған, — дейді Бүркіт.

Бүркіт біз шұғыл қоңыраулар бойынша жұмыс істейтін арнаулы құтқарушылар көлігінде екенімізді айтты. Өзі 2018 жылдан бері құтқарушы болып істейді.

Экипаж ай сайын ауысып отырады. Оперативті топ және шұғыл қоңырау тобы деп бөлінгенімен, екі көліктегі команданың да атқаратын қызметі бір. Құтқарушы болғандықтан, басты міндетіміз — адамды аман алып қалу, — дейді ол.

құтқарушы, 109, ТЖД, өрт
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Көп өтпей, Ақкентке жеттік. Құтқарушылар керек-жарағын алып, шапшаң қимылдай бастады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кішкентай балалар жүгіріп шығып, балалар алаңқайына қарай жол сілтеді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Бүркіт Қозы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Құтқарушылар 10 минут ішінде сымды кесіп, баланың саусағын босатып алды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Осыдан соң Данияр оқиғаны тіркеп, қағазын толтырып алған соң, дереу көлікке отырып, екінші қоңырауға кеттік. Ақкент тұрғындары рақмет айтып қала берді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Бүркіт Қозы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жалғызбасты зейнеткер апа балконда қамалып қалыпты. Көршілері хабарласып, көмекке шақырды. Қазір балконның есігін ашып, әжейді құтқарып аламыз. Мамандарымыздың бәрі жұмысқа тұрмас бұрын альпинист, сүңгуір ретінде практикадан өтеді, — деді Бүркіт.

Құтқарушыларды көмекке шақыру үшін 109 жедел желі нөміріне хабарласу керек. Бірақ көбі қиналғанда кімге хабарласатынын біле бермейді.

Әдетте, халық көмек керек болса бірден полицияға немесе жедел жәрдемге хабарласады. Олар жағдайды ұққан соң, қажет болсақ бізді де шақырады немесе адамдарғы бізге хабарласуды сұрайды. Бірақ әлі күнге бірден 109-ға хабарласатындар аз. Сондықтан қазір құтқару қызметінің жұмысын әлеуметтік желілерде де жариялап, ақпараттандыру жұмыстары жүріп жатыр, — дейді ол.

Сағат 12-ге таяп қалды. Бұл — бүгін түскен екінші қоңырау. Осы тұста рацияға диспетчер бөлімінің мамандарынан басқа мекенжай бойынша қоңырауға бару туралы бұйрық келді.

құтқару, ТЖД, өрт, 109
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Балкондағы әжейдің есігі ашылыпты, онда бармайтын болдық. Кейде осылай біз жеткенше мәселе өздігінен шешілетін кездер болады. Сондықтан қазір Айнабұлақтағы басқа әжейге көмектесуге барамыз, — деді Бүркіт.

Құтқару қызметі тек Алматы қаласында бар. Бұл — қалалық әкімдікке қарасты мекеме. Басқа қалаларда құтқарушы бөлім ТЖМ-ға қарайды.

Көп адам бізді өрт сөндіру қызметімен шатастырады. Бірақ олардың басты міндеті сол өртті сөндіру және олар министрлікке қарайды. Ал біз сол өрт сөндіру қызметкерлеріне де көмектесеміз.

Айнабұлақтан аса алыс емес едік. Қатты кептеліс те болған жоқ. Сондықтан жылдам жеттік.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Аулада 103 көлігі тұр екен. Екінші қабатқа көтерілдік.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл кісінің салмағы аса ауыр болғандықтан, жедел жәрдем қызметі мамандары оны көтеріп түсіре алмайды. Сондықтан қазір жамылғыға жатқызып, төрт адам болып түсіреміз. Бұлай көмектесу де — жұмысымыздың бір бөлігі, — дейді Бүркіт.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
құтқару, ТЖД, өрт, 109
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
құтқару, ТЖД, өрт
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әжейді дін-аман жедел-жәрдем көлігіне дейін жеткізген соң, қайта жағдайды тіркеп алып, көлігімізге мініп, базаға қайттық.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл жолы ешқандай сиренасыз, қалыпты жылдамдықпен жүрдік. Құтқарушылардың да арқасынан жүк түскендей, жеңілдеп қалғанын байқадық.

Алғаш жұмысқа кірген кездері осындай бір жағдай болған. Бір орыс апа қатты ауырып жатыр екен, шұғыл жан сақтау бөліміне жеткізу керек деп шақырды. Барып, гамакқа жатқыздық. Ауырып, қан қысымы көтеріліп жатқан адамды басымен төмен сүйремейсің ғой. Аяғын жолға қаратып шығара бастағанда, қызы бізді жастықпен бір ұрып, аяқкиіммен төмпештеп, ақыры басын жолға қаратып шығартқан. Сөйтсек, орыс халқында өлген адамды аяғын жолға қаратып үйден шығаратын ырым бар екен. Жаңа да сол есіме түсіп кетті, — деп күліп алды Бүркіт.

Виталий адамдардың мұндай қылықтары әдетте жұмысты қиындатып жібереді дейді.

Виталий. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Басты мәселе адамды аман алып қалу болып тұрғанда ондай ырым орынсыз сияқты. Адам дегенің әртүрлі, олар неше түрлі қылық көрсетеді. Сосын осындай қоңырауларға барғанда үнемі аулада жүргендер жүгіріп келіп, «Біреу өлді ме?» деп сұрап үлгереді. Жалпы жұмыс істегелі жай ғана «Не болды?» деп сұраған бес-алты адам ғана болған сияқты, — дейді құтқарушының бірі Данияр.

Расында, біз үйге кіргелі жатқанда бір апа жақындап келді де, жымиып тұрып «Біреу өліп қалып па?» деп сұрады. Таңғалдық.

Виталийдің құтқарушы-жүргізуші болып жүргеніне биыл 10 жыл болыпты. Ол жұмысты қиындататын тек ырымшыл адамдар емес екенін айтады.

Көлік апаты болғанда көлікте қалып қойған адамды шығару өте қиын. Бұл жұмысты олардың жақындары тіпті қиындатып жібереді. Арнайы лентаны жұлып тастап, төбеңнен төніп, қалай істеу керек екенін үйреткісі келіп тұрады. Бұл, бірінішіден, олардың өздері үшін қауіпті. Көлік — темір, бір жері сынып, ұшып, адам жарақат алуы мүмкін. Оларға «әрі барыңыз» деп жүргенше, көлік ішінде қалып қойған адамның да халі нашарлап кетуі мүмкін, — дейді ол.

Көп ұзамай базаға оралдық. Сағат 14.00 шамасында құтқарушылар түскі үзіліске шықты.

құтқару, ТЖД, өрт, 109
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Түскі асты ауысымдағы экипаж жігіттері болып бірге ішеміз. Әр ауысымға арамыздан кезекші таңдап, 1500 теңгеден жинап береміз. Ол көтерме базарға барып, азық-түлік алып келіп, түскі ас пен кешкі ас жасайды, — дейді Бүркіт.

Бүгінгі кезекші — Бүркіттің өзі. Ол асханаға бірінші болып кіріп, түскі ас дайындай бастады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Көп күтпей құтқарушылар үстел басына жайғасты. Ал біз құтқарушы болу үшін қай жерден білім алу керек екенін сұрап көрдік.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Елдегі құтқарушыларды оқытатын жалғыз колледж Қарағандыда бар. Сонымен қатар онда азаматтық қорғау академиясы да бар. Арнайы оқу гранттары бөлінеді, бірақ бәрі бірдей Қарағандыға бара бермейтіні рас. Сол үшін Алматыда екі жылдық және алты айлық дайындық курстарын оқуға болады. Жұмысқа тұрғаннан кейін де құтқарушылар жыл сайын аттестациялаудан өтеді. Олардың білігі 3, 2, 1-кластың құтқарушысы деп белгіленеді. Ең жоғары дәреже — халықаралық дәрежедегі құтқарушы. Бірақ бұл жалақыға қатты әсер етеді дей алмаймын, мұнда тек білігің артады. Жалақы да та өте жақсы дей алмаймыз, — дейді Бүркіт.

Құтқарушылар айлық жалақысы қанша екенін айтқысы келмеді. Біз де оларды ас ішіп отырғанда қинағымыз келмеді. Бірақ әңгіме жалғаса берді.

Штатта 100-ге жуық құтқарушы бар. Ауысым құтқарушылары үлгермей жатса, демалыстағы мамандар жұмысқа шақыртылады. Адам іс-түссіз жоғалып кетсе, шет аумақта қалып қойса, бес құтқарушының күші аздық етеді. Таулы аймақтарға көлігімізбен жетіп, адамды әрі қарай жаяу көтеріліп іздейміз. Адамды тапқан соң, оны көтеріп түсу де қиын болуы мүмкін. Сондайда жолдың жарты бөлігінде бес адам, қалған бөлігінде өзге бес құтқарушы жұмыс істеуі мүмкін, — деді әңгімеге енді қосылған Ғалымжан.

Ғалымжан және Елдос. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Түскі ас ішіп болған соң, 14 жастағы қыз балконда қамалып қалғаны туралы қоңырау түсті. Бірақ базадан ұзап кетпестен, кері қайттық. Балкон есігі қайтадан өзі ашылыпты. Құтқарушылардың альпинистік дағдыларын көру тағы бұйырмады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қоңырау түспеген уақытта құтқарушылар демалыс бөлмесіне кіріп, тынығып алса болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Ғалымжан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Демалыс уақыты мынау, түскі ас уақыты мынау деген сияқты белгіленген мерзім жоқ. Қоңырау түсіп жатса, «Кешіріңіз, түскі ас ішіп отыр едім» дей алмаймыз ғой. Бірақ 18.00-ге дейін ұйықтау бөлмесіне мүлдем кіруге болмайды. Ал 18.00-ден кейін ұйықтап алуға болады. Қоңырау жоқ болса, қанша сағат ұйықтасаң да өз еркің. 24 сағат бойы ұйқыға уақыт таппай, сыртта жүретін кездер де болады, — дейді Ғалымжан.

18.00-ге дейін әлі бір сағат бар, диспетчер бөлімінен әлі қоңырау түспеді. Мұндайда құтқарушылар аулаға шығып, денесін шынықтырады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Түрлі жағдайда жұмыс істейтіндіктен, үнемі шымыр болу керек. Біріміз турникке, біріміз белтемірге тартылып, уақытты пайдалы өткіземіз, — дейді Бүркіт.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Болмаса, ертең таңертең қиналып қалмас үшін, бос отырғанда бүгінгі қоңыраулар бойынша деректі бір пысықтап шығуға болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бір сағат ішінде мүлдем қоңырау түскен жоқ. Сондықтан құтқарушылар тынығу бөлмесіне көтеріліп, демалып алса болады. Қоңырау түсе қалса, қайта дереу көмекке аттанады. Құтқарушылардың демалатын уақытын бұзбайық деп біз де қоштастық.

Олар ертеңгі таңғы сағат 7.00-ге дейін қызметте болып, сағат 8.00-ге дейін келесі ауысым құтқарушыларына көлікті тапсырады. Бір күнде неше қоңырау түскені бойынша есепті жетекші маманға өткізген соң, құтқарушылар үйіне қайтыады. Алда үш күн демалыс күтіп тұр, содан соң жұмыс қайтадан басталады.

***

Тағы оқыңыз:

«2 минутта жиналады». Өрт сөндірушінің жұмыс күні қалай өтеді?