Бішкектегі City Health 12-халықаралық конференцияда 15 елден келген сарапшылар жұқпалы емес, бірақ қауіпті аурулардың дамуына әкелуі мүмкін зиян әдеттердің залалын азайтуға көмектесетін тиімді әдістерді талқылады. Зиян әдеттерге есірткі қолдану, ішімдік ішу, темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, аз қимылдау және тағы басқасы жатады.
Бұл проблемалар барлық елде бар. Мысалы, қазір Өзбекстан темекі шегетін адамдардың көбейіп жатқанына алаңдайды. Ол елде бұған қатысты көптеген тыйым енгізілгеніне қарамастан, 2014 жылдан 2019 жылға дейін темекіні тұтыну деңгейі 13%-тен 16,5%-ке дейін өскен.
Ал «Денсаулық» зиянды азайту жөніндегі қазақстандық ұлттық қауымдастығының басшысы Бақыт Түменованың айтуынша, Қазақстандағы өзекті мәселе — азаматтардың дұрыс тамақтанбауы.
Тәуелді болуға қарсы күресте адамдарды бірнәрсеге мәжбүрлеу немесе тыйым салу сияқты әдістер өтпейді. Бағыттау, ақпарат беру, ақылға қонымды шектеулер енгізу және бала кезінен салауатты өмір салтына деген ұмтылысты ояту – ұлтты сауықтырудың ең жақсы тәсілі. Сондықтан зиянды азайту тұжырымдамасы осыларға негізделген. Ол мемлекеттік органдармен мынадай алты бағыт бойынша бірлескен жұмысты көздейді: темекі тарту, есірткі қолдану, тамақтану, алкоголь, дене белсенділігі және репродуктивті мәдениет, – деді Бақыт Түменова.
Ол зиянды азайту тұжырымдамасы мүмкін болатын барлық жерде зиян әдеттердің залалын азайтуды ұсынады. Мысалы, дұрыс тамақтану кезінде тұзды, қантты және трансмайларды тұтынуды азайту қажет. Темекі тартуға қарсы күресте темекі тартатын ересектерге зияны азырақ түтінсіз баламаларды таңдау мүмкіндігін беру керек.
Есірткі және алкоголь саясаты саласындағы сарапшы Дэвид Макинтоштың айтуынша, биыл Ұлыбритания билігі темекі шегетіндерді шылымнан түтінсіз баламаларға көшіру бойынша ауқымды бағдарламаны іске қосты. Темекі шегетін бір миллион адам шылымнан бас тартса, оларға тегін вейп береді. Ұлыбританияда осы және басқа шаралар жеті жылдан кейін темекі шегетіндердің саны 5%-ке дейін төмендететініне сенімді.
Вейпиң темекі тартатындар мен оның айналасындағыларға азырақ зиян келтіреді. Электрон шылымды пайдаланғанда темекі жанбайды. Бұл улы химия заттары түзілмейді деген сөз. Темекі түтінінің болмауы – вейпиңнің ең үлкен артықшылығы, – дейді Дэвид Макинтош.
Швециядағы Линчепиң университетінің ішкі аурулар және эндокринология профессоры Фредрик Нюстрем Швецияда кейінгі жылдары темекі шегетіндердің саны бірнеше есе азайғанын айтты. Мұны елде темекіге балама бар екенімен байланыстырды.
Зиянды азайту жұмысы Қырғызстанда да танымал. Жақында бұл елде адамдарды темекіден бас тартып, оның балама түріне көшуге ынталандыру үшін қыздырылатын темекінің жанама салығы мөлшері төмендетілді.
Салауатты өмір салтына деген трендті қалыптастыру үшін көп күш-жігер қажет. Дәл осы зиянды азайту тұжырымдамасы — ең тиімді құралдар, – деді дәрігер, Жогорку Кенеш Денсаулық сақтау жөніндегі орталық комитетінің төрайымы Винера Раимбачаева.
Өкінішке қарай, Қазақстанда зиянды азайту қағидаттары әрдайым ескеріле бермейді. Мысалы, қазір барлық вейпке тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр. Бірақ басқа елдердің тәжірибесі тыйым салу емес, реттеу маңызды екенін көрсетті. Біз жастарды темекі тартудан қорғауымыз, темекі тартатын ересектердің денсаулығына келетін зиянды азайтуға көмектесуіміз керек.