«Астана Моторс» компаниясы жоғары технология жабдығын жеткізу туралы келісімге қол қойды

Қазақстандағы «Астана Моторс» компаниясы жаңа мультибренд зауытын жабдықтау үшін жоғары технология жабдықтарын жеткізетін Automotive Engineering корпорациясымен келісімге отырды. Құжатқа Қытайдың Сиань қаласында Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан іскер топ өкілдерінің дөңгелек үстелінде қол қойылды.

Жаңа мультибренд зауытын салуға жалпы 250 миллион доллар инвестиция кетеді. Оның 110 миллион доллары жоғары технология жабдықтарын сатып алуға жұмсалады.

Дәнекерлеуге, сырлауға арналған жабдықтар, роботтар, конвейер желілері арқылы жылына 90 000 автокөлік шығарылады. Оның 60%-і ТМД елдеріне экспортталады. Оның ішінде бастапқыда Chery, Haval және Changan сияқты жетекші қытайлық автокөлік брендтерінің тоғыз моделі болады.

Біздің компания автокөлік өнеркәсібіне қойылатын талаптар мен эволюцияның өзгеретін уақыты келді деп есептейді. Біз бірінші болып CHERY, CHANGAN және Great Wall Motors компанияларымен дәнекерлеу мен бояуды қамтитын 100% шағын түйін өндірісі туралы келіссөз жүргіздік. Робототехника бөліктері дәнекерлеу, сырлау, ішкі және сыртқы құрастыру цехтарында орнатылады. Оған қоса зауытта әуеде қалқып тұратын автоматтандырылған конвейер жұмыс істейді, — деді «АСТАНА МОТОРС» компаниясының негізін қалаған Нұрлан Смағұлов.

Фотода тұрған AE Corporation-ның вице-президенті Чен Йон, CEO AE Corporation Цзя Сицзюнь, «Астана Моторс» компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов, CEO «Астана Моторс» Бекнұр Несіпбаев

Жаңа зауытқа арналған жабдықты Automotive Engineering-мен қоса Siemens (Германия), ABB (Швеция-Швейцария), Schneider (Франция), Omron (Жапония), Fanuc (Жапония) және тағы басқа әлемге әйгілі компаниялар жеткізеді.

Барлық жабдық Chery, Haval, Changan брендтерімен бірлесіп жасалған және олардың барлық стандартына сай келеді.

Фотода «Астана Моторс» Тяньцзинь қаласындағы AE корпорациясының өндірістік нысандарын аралаған сәті

Наурыздың басында «Астана Моторс» компаниясының делегациясы Қытайдың Тяньцзинь қаласында болды. Онда Automotive Engineering Corporation-нің штаб-пәтері орналасқан. Ол жерде тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мамырдың басында қытайлық инженерлер мен автокөлік саласының мамандары Алматыға келіп, өндіріс орындарын жобалауға қатысты.

Біздің корпорациямыз нарықта 60 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Дүниежүзі бойынша 30 000-нан астам өндіріс жобаларын іске асырдық. Қазақстандық зауытта жобаны іске асыруда алдымызда Қытайдың автомобиль өнеркәсібінің үш көшбасшысының барлық стандартын ескеріп, өндіріс желілерін біріктіру сияқты күрделі және қызық міндет тұрды. Бұл — біз мақтан ететін бірегей тәжірибе. Біз «Астана Моторс» компаниясының Қазақстандағы автокөлік өнеркәсібіндегі ең ірі инфрақұрылым жобасының белсенді қатысушысы болғанымызға қуаныштымыз. Бұл — әлемдік автомобиль өнеркәсібі үшін тамаша жағдай, — деді Automotive Engineering Corporation-нің бас директоры Цзя Си Цзюнь.

Автокөлік зауыттарының 80%-і Chery, Changan, Great Wall Motor, BMW, Hyundai, Toyota, Jaguar, Land Rover, BYD, Mercedes-Benz, Volkswagen және басқа да көптеген әлем брендін қоса алғанда, Automotive Engineering корпорациясының қатысуымен жобаланатынын ескерген жөн.

Алматының индустриал аймағындағы мультибренд зауыттың құрылыс алаңы

Алматыдағы мультибренд зауытының құрылысы 2024 жылғы төртінші тоқсанда бітеді деп жоспарланып отыр. 2025 жылғы бірінші тоқсанда автокөліктердің тәжірибе өндірісі іске қосылады.