Алматыда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның орындалмауына, жануарларға зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы митиң өтті.
Митиңді қазақстандық KARE қоғамдық қоры, зоо-қоғамдастық альянсы және еріктілер ұйымдастырды.
2021 жылғы желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға қол қойды. Ол 2022 жылғы 2 наурызда күшіне енді.
Бірақ митиң ұйымдастырғандар мен қатысқандардың айтуынша, қабылданған заң дұрыс орындалмай жатыр.
Митиңде «KARE-Забота» қоғамдық қорының президенті Юлия Коваленконың заңды орталық және жергілікті деңгейде іске асыру жұмыстарын бастауды талап етті.
Халқымыз жануарларға адамгершілікпен, мейіріммен қарауы керек. Заң жануарларды қорғап, оларға қатыгез болғандарды жазалауы қажет, — деді Юлия Коваленко.
Оның әріптесі Жанна Папинаның айтуынша, жергілікті билік қабылданған заңға немқұрайды қарап отыр.
Үкіметтің иттерді аулауға бөлген қаражаты проблеманы шешіп жатқан жоқ. Даладағы иттерді тек атып, өлтіріп жатыр.
Митиңге қатысқандардың көбісі жануарлардың құқығын қорғауға арналған ұрандар жазылған плакат ұстаған.
Полина Горбунова, Вероника Гурдина, Елизавета Петрушкова — жан құрбылар. Мейірімді қыздар иесіз жүрген иттерді, мысықтарды, тіпті көгершіндерді де құтқарып, оларға жаңа ие тапқан.
Жануарларды өлтіруге қарсымыз. Жанымыз ашығаннан оларға барынша көмектесуге тырысамыз, — дейді балалар.
Аружан Алтынбек митиңге далада жүрген иттерді атуға қарсы болғандықтан келді. Ол Ақтауда мысық өлтірген адамды бес-ақ күнге қамауға алғанына наразылық білдірді. Оның ойынша, тірі жанды өлтірген адамға бұл — өте қысқа мерзімді жаза.
Сонымен қатар митиңге тек плакатпен емес, үй жануарымен келген адамдар да бар.
Әсел Нұрмағамбетова митиңге алғаш қатысып отыр. Жанында екі жастағы долматинец Лаки деген иті бар.
Әсел балаларға иттердің дене тілін түсінуді үйретеді. Ол адамдар жануарларды тереңірек зерттегенін қалайды. Өйткені олар қандай да бір қимылды жайдан-жай жасамайды. Әр қимылдың мағынасы бар.
Жануарларды жақсы көретін, өзіммен пікірлес адамдармен танысқым келді. Маған олардың түрі, ойы, тіпті киімі де қызық, — деді Әсел.
Митиңге 500-ге жуық адам қатысты. Ол екі сағатқа созылды.