Басты бетЖаңалықтарӘділет вице-министрі...

Әділет вице-министрі Абылай Мырзахметовтің ісіне қатысты пікір айтты

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметовтің ұсталуына қатысты пікір айтты.

Құқықтық мемлекет тәртібі бойынша күдікті адамның кінәсі сотта дәлелденбейінше, кінәсіз деп есептеледі. Сондықтан тиісті деректер аясында тергеу амалдары қамтылып, сот шешімі шығарылуы керек. Бұл тұрғыда қазір біздің ведомство жағынан қандай да бір мәлімдеме жасау орынсыз деп ойлаймын, — деп жауап берді Ботагөз Жақселекова сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына.

Сонымен қатар тілшілер Абылай Мырзахметовке қатысты қандай үкім шығуы мүмкін екенін сұрады.

Барлығы тергеу нәтижесіне, жасалған әрекеттерді саралауға байланысты болады. Заң бойынша жауапкершілік қарастырылған, — деді вице-министр.

Еске салайық, 10 мамырда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметов ұсталды. Антикоррупциялық қызметтің ресми өкілі Арман Тлеукеновтің мәліметінше, ол алаяқтық және туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін кәсіпкерді аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деген күдікке ілінді.