Медеудегі өрттен қаза болған өрт сөндірушінің отбасына 13 миллион теңге беріледі. Бұл туралы Алматының төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
«Құқық қорғау қызметі туралы» заң бойынша, қаза болған өрт сөндіруші А.Ж. Құрманбековтің мұрагерлеріне оның 60 айлық қаражаты (бес жылғы), шамамен 13 миллион теңге мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді. Одан бөлек, жерлеуге 600 мың теңге өтемақы беріледі. Алматы әкімдігінің атына әлеуметтік көмек тәртібінде марқұмның анасына тұрғын үй бөлу мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш жолданған, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 7 мамырда Медеудегі тау баурайында өрт шықты. Іле-Алатау паркі мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде, Кіші Алматы орманшылығы 38-аумағында құрғақ және қураған ағаш өртенген. Арслан Құрманбеков 8 мамырда түнде тау баурайындағы өрт сөндіру кезінде қаза болды.