Басты бетЖаңалықтарШатырынан су...

Шатырынан су ағады: Шабыт университетін жөндеуге 530 миллион теңге бөлінеді

Мәдениет және спорт министрлігі жақын арада Астанадағы ҚазҰӨУ ғимаратын жөндеп, жаңарту үшін 530 миллионнан астам қаражат бөледі. Бұл туралы редакциямызға «Жаңа адамдар» қоғалысының баспасөз хатшысы Алпамыс Әбілов айтты.

2023 жылғы 9 наурызда «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері әлеуметтік желі мен БАҚ-та ҚазҰӨУ (Шабыт университеті) ғимаратының шатырынан қанша жылдан бері су ағатынын хабарлаған еді. Бұл туралы біздің редакциямыз да жазды.

Жағдайдың ушыққаны сонша, университет басшылығы шатырдан аққан судың астына бүкіл ғимаратқа жүздеген шелек қойып тастаған. Бұл жылда қайталанатын дәстүр болып шықты. Нәтижесінде шелек Шабыттың айтылмаған белгісіне айналып, қозғалыс «Шелек Шабытты құртады» деген акциялар өткізді.

Қозғалыс белсенділері университет ректоры Айман Мұсаходжаевамен осы проблеманы сөйлесу үшін кездескен де еді. Бірақ кездесуден нәтиже болмады.

Бүгін бізге осы қоғамдық науқанның арқасында іс жүзеге асқаны белгілі болды. Мәдениет және спорт министрлігі жақын арада ҚазҰӨУ ғимаратын жөндеп, қайта жаңарту үшін қосымша 530 миллион теңгеден астам қаражат бөледі, — делінген қозғалыс таратқан хабарламада.

Әлихан Сәрсенов, Жаңа адамдар
Әлихан Сәрсенов. Фото: «Жаңа адамдар қозғалысы»

Қозғалыс белсендісі Әлихан Сәрсеновтің айтуынша, бұл ақпарат тек қозғалыс белсенділеріне хабарланған, бірақ әзірше ресми түрде расталмады.

Енді ақпараттың ресми түрде расталғанын күтеміз. Бізге қиын жағдайда көмектескен әр азаматқа, Шабыт проблемасы туралы ақпаратты әлеуметтік желіде қолдап, таратқан әр адамға шын жүректен алғыс айтамыз. Біз нәтижеге бірге қол жеткізе аламыз. Шелек шабытты құртады! — деді Әлихан Сәрсенов.