Шабыт университетінің шатырынан су ағып жатыр. Студенттер наразы

Астанадағы ҚазҰӨУ (Шабыт университеті) ғимаратының төбесінен су ағып жатыр. 9 наурызда «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының белсенділері универсиетет алдында «Шелек Шабытты құртады» деген флешмоб өткізген. Флешмоб «Шабыт» әкімшілігінде үлкен дүрбелең тудырды. Университет басшылығы студенттерді «оқудан шығарамыз» деп қорқытқан. Бұл туралы редакциямызға қозғалыстың баспасөз хатшысы Алпамыс Әбілов хабарлап айтты.

«Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері ҚазҰӨУ студенттерінен шатырдан ағып жатқан су қаншалық алаңдататынын сұраған.

Сауаланамаға 100-ден астам адам қатысып, олардың 82%-і шатырдан үнемі су ағып тұрғаны жайсыз екенін әрі оқу процесіне кері әсер ететінін айтқан. Сонымен қатар студенттер мұндай жағдайда оқу олардың өмірі мен денсаулығына қауіпті болуы мүмкін екенін айтып өткен.

Қозғалыс белсенділері ұсынған видеоны мына жерден көре аласыз:

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Молодежное движение Жаңа Адамдар (@zhana.adamdar)

Студенттер түсірген видеодан университеттің ішін көруге болады. Су аға беретіндіктен қабырғалар ылғалданып, төбе қиарған, бөлме сызданып кеткен, — дейді қозғалыс белсенділері.

Олардың айтуынша, университет әкімшілігі бұл проблеманы бірнеше жылдан бері шешпей келеді. Су ақса болды, астына шелек тосып жүре береді.

Біздің «Проблеманы бұлай шешу қалыпты болып кетті ме?» деген сауалымызға университеттің қауіпсіздік қызметкерінің бірі: «Кез келген ұйымның ғимаратына кіріп көріңіз, бәрі мұндай жағдайды осылай шешеді» — деп жауап берді, — дейді белсенділер.

«Жаңа адамдардың» бірнеше акциясынан кейін университет басшылығы «Шелек Шабытты құртады» деген азаматтық науқанға және қозғалыстың басқа да бастамаларына қолдау көрсеткен студенттерді қорқыта бастаған.

Фотоны «Жаңа адамдар» қозғалысы белсенділері ұсынды

Қозғалыс құрамындағы студенттерді деканаттарға «әңгімеге» шақырып, «оқудан шығарамыз» деп қорқытыпты. Шабыттың қауіпсіздік қызметі қызметкерлері шатырдан ағып жатқан суды фото-видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіге жариялаған студенттерді қудалап жатыр, — дейді қозғалыс белсенділері.

«Жаңа адамдар» қоғалысы ҚазҰӨУ әкімшілігі студенттерді қорқытып, қудаласа да «Шелек Шабытты құртады» деген азаматтық науқаны жалғаса беретінін айтты.

Біз журналистерден осы бейнероликті таратуды, әрі университет басшылығына оқушыларды қорқытуды тоқтатып, өздерінің тікелей міндетімен айналысуын сұраймыз. Олардың міндеті — Шабыт оқу орнын қауіпсіз әрі жайлы ету. Біз ҚазҰӨУ студенттері мен оқытушыларын қауіп-қатерге бой алдырмауға және «Жаңа адамдармен» бірге оқу орнының ағып жатқан шатырына қарсы акциялар мен пикеттерге шығуға шақырамыз. Тек бірігіп әрекет ету арқылы ғана біз Шабытты, яғни «Жаңа қазақстанның» басты мәдени оқу орнын жасай аламыз, — дейді белсенділер.

Біз Шабыт университетінің баспасөз хатшысын іздедік. Әріптестерімізден оқу орнында баспасөз қызметі жоқ екенін білдік. Ал оқу орнының сайты уақытша істен шыққан екен.

ҚазҰӨУ-дің ректоры Айман Мұсаходжаеваның көмекшесіне хабарластық. Редакциямызға «Жаңа адамдар» қозғалысынан хат түскенін айтып, проблема қашан шешілетінін сұрадық. Бірақ көмекшісі дұрыс жауап бермеді. Екінші рет қоңырау шалғанымызда тұтқаны көтермеді.

«Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері шатырдан су көктем және күз мезгілінде, жаңбыр жауған сәтте ағатынын айтты.