Басты бетЖаңалықтарАрдагерлерге 4,6...

Ардагерлерге 4,6 миллиард теңгеге материалдық көмек беріледі

Жеңіс күні қарсаңында ҰОС ардагерлеріне 4,6 миллиард теңге сомасына біржолғы материалдық көмек беріледі.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еліміздің барлық өңірлерінде Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 78 жылдығын мерекелеу құрметіне ардагерлерге кемінде 1,5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек беру көзделген, — делінген хабарламада.

Қазақстанда Ұлы Отан соғысына қатысқан және ҰОС кезеңінде жараланған, контузия алған, мүгедек болып қалған 222 адам, соннымен қаатар ҰОС жеңісіне үлес қосқан басқа да 60 106 азамат тұрады. Олардың ішінде: қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 78 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 175 адам; ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайлары – 2 413 адам; ҰОС-да қаза болған (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – төрт адам; тыл еңбеккерлері – 57 436 адам.

2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескере отырып ай сайын алынатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:

  • ҰОС қатысушылары үшін – 220 754 теңге (161 адам);
  • ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдар үшін – 229 286 теңге (61 адам);
  • басқа мемлекеттердің (Ауғанстан, Вьетнам, Алжир, Мысыр, Ирак және т.б.) аумағындағы әскери іс-қимылдарының ардагерлері үшін – 215 201 теңге (25 752 адам);
  • жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар үшін – 182 782 теңге (3 648 адам);
  • ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар үшін – 140 838 теңге (14 424 адам);
  • ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері үшін – 148 892 теңге (57 436 адам).

ҰОС кезінде майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар құрылды. Әскери қызметі үшін жүздеген мың қазақстандық медальмен және орденмен марапатталды. 500-ге жуық адам Кеңес Одағының батыры атанды. Төрт қазақстандық екі рет батыр атанды, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.

Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін өз өмірін қиды – олар шайқаста қаза болып, жаралар мен аурулардан қайтыс болып, хабар-ошарсыз кетті. Тұтқыннан 630 мың адам оралмады.