Сәуірде Қазақстанда жылдық инфляция бір ай бұрынғы 18,1%-тен 16,8%-ке дейін төмендеді. Бұл туралы ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Жылдық мәнде инфляция деңгейі қатарынан екінші ай баяулап келеді: 2023 жылғы сәуірде – 16,8%, 2023 жылғы наурызда – 18,1%, 2023 жылғы ақпанда – 21,3%, — делінген хабарламада.
Сәуірде тұтыну бағаларының индексі айлық мәнде 0,9% болып, көрсеткіш наурыз деңгейінде сақталды.
Индекс құрылымында азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 1,3%-ке, азық-түлік тауарлары 0,9%-ке, ақылы қызметтер 0,4%-ке өсті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде сәуірде бағаның ең жоғары өсімі дизель отынына — 16,1%, бензинге – 9,7% болды. Наурыз айымен салыстырғанда жуу және тазалау құралдары 1,4%-ке, жеке гигиена құралдары 1,1%-ке, ыдыс-аяқ 1%-ке, тұрмыстық техника 0,9%-ке өсті, — делінген хабарламада.
Азық-түлік тауарлары арасында жеміс пен көкөніс бағасы едәуір өскен, сәуірде қырыққабат 4,7%-ке, қызанақ 4,1%-ке, жүзім 3%-ке, алма 2,6%-ке, алмұрт 2,4%-ке қымбаттаған.
Жылдық мәнде азық-түлік тауарларының бағасы 17,9%-ке, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 18,2%-ке, ақылы қызметтер 13,7%-ке өсті.
2022 жылғы сәуірмен салыстырғанда кеңсе тауарлары 68,5%-ке, кір сабын 59,3%-ке, шақпақ қант 51,7%-ке, ыдысты жууға арналған құралдар 51,6%-ке, қияр 50,9%-ке, балалар сабыны 49,6%-ке, күріш 43,9%-ке, кір жуу ұнтағы 43%-ке, дәретхана қағазы 42,7%-ке қымбаттады. Жылдық мәнде, керісінше, қырыққабат 53,4%-ке, сәбіз 19,2%-ке арзандады.