Басты бетЖаңалықтарЭкология министрі...

Экология министрі Астанадағы су тапшылығы қалай шешілетінін айтты

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова елордадағы су тапшылығын жою үшін қандай жобалар жүзеге асырылатынын айтты.

Министрдің айтуынша, биыл елордаға тұрақты су беру үшін экология министрлі әкімдікпен бірлесіп, үш жобаны қарастырып отыр. Біріншісі, «Астана су қоймасын толықтыру үшін құрылыстар салу». Ол бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Жоба Қаныш Сәтбаев атындағы арнадан Есіл өзенінің арнасына өткізу бейінін тазартумен және қалыптастырумен, сонымен қатар одан Астана су арнасы сорғы станциясының алаңына дейін тіреуіш қоршау құрылысын және су құбырын сала отырып, арнаға су беруді қамтиды. Құрылыстың болжамды мерзімі 2023-2025 жылдар, — деді министр үкімет отырысында.

Бұл жобаны іске асыру Қаныш Сәтбаев атындағы арнадан Астана су қоймасына шамамен 62,3 миллион м3 қосымша су беруге мүмкіндік береді. Екіншісі, Астананы сумен жабдықтаудың резервтік көзі ретінде 67 километр су құбырын салу және Нұра жер асты сулары кен орнын пайдалану. Бұл бойынша техникалық-экономикалық негіздемені түзету қажет. Сараптаманың оң қорытындысы ұсынылған жағдайда, министрлік жобаны одан әрі іске асырады.

Үшіншісі, Қаныш Сәтбаев атындағы арнадан Астананың ҰФС-4-ке дейін су құбырын салу. Бұл жоба елорданы одан әрі ұзақ мерзімді даму перспективасы мен халық санының ұлғаюын ескере отырып қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Оның айтуынша, биыл су мөлшерінің аздығы мен одан кейінгі су тапшылығын ескеріп, Қаныш Сәтбаев атындағы арнадан Есіл өзені бойынша шамамен 60 миллион м3, Нұра өзені бойынша шамамен 95 миллион м3 қосымша су беру туралы бірлескен шешім қабылданды. Бұдан бөлек, Астана су қоймасының түбін шамамен 47 миллион м3 көлемінде түптік шөгінділерден тазартуды жүзеге асыру қажет.