7 мамыр — Отан қорғаушылар күні. Қазақстандықтар оны «жігіттердің мерекесі» деп те тойлайды. Мейрам қарсаңында қыздардың ерлер қауымына не сыйларын білмей, әлек болары анық. Baribar.kz-тің тұрақты оқырманы Нұрлыхан Жұмахан 5000 теңгеден 20 000 теңгеге дейінгі сомаға алуға болатын сыйлықтар топтамасын ұсынды.

Нұрлыханға қыздар жігіттерге сый таңдауда бас қатырмайтын сияқты көрінеді. Себебі жыл сайын мерекеде таныстары оған түрлі-түсті шұлық сыйға тартады екен.

Сыйлықты пайдаланатын немесе үйге естелікке қойып қоятын зат деп бөлмейді екенмін. Бірақ жігіттерге «нәскиден» басқа да қажет заттар бар. Қалта көтеретін сыйлық іздесеңіз, мына тізімді ұсынар едім, — дейді Нұрлыхан Жұмахан.

Барбершоптың сертификаты

Жігіттер айына кемінде бір рет шаштаразға барады. Дегенмен қазір бұл сала да дамып кеткен. Қазір шаштараз тек шашты алып қоймай, бетке массаж жасап, маска, скраб жағып береді. Мұны «барбер қызметі» деп атайды. Нұрлыханның айтуынша, Алматыда барбер қызметі 2000-5000 теңгеден басталады.

Кейбір жігіт барбершопты қымбатсынып, оған ақшасын жұмсамауы мүмкін. Дегенмен сый ретінде барбершопқа сертификат берсе, қуанып қалары сөзсіз, — дейді ол.

сыйлық, ұлдарға арналған сый 7 мамыр
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Термос, су ішуге арналған бөтелкелер

Термоыдыстар — белсенді өмір салтын ұстанатын адамдарға таптырмас сый. Оның суға, тамаққа арналған түрлері бар. Жігіттер оны кеңседе де, дала да, тауда да қолдана алады.

Қазір термоыдыстар трендте. Қасына кофе қосып беруге болады. Ал су ішетін бөтелкені сыйлау арқылы экологияны да жақсарта аламыз, — дейді Нұрлыхан.

Оған қоса су ішуге арналған бөтелке де беруге болады. Бұл арқылы біреуді қуантып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға да үлес қосасыз.

сыйлық, ұлдарға арналған сый 7 мамыр
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Гигиена заттары

Ерлер де әйелдер сияқты бетіне, денесіне күтім жасауы қажет. Мұны ерлердің кейбірі түсінсе, енді бірі оған аса мән бермейді. Нұрлыханның айтуына қарағанда, көп жігіт бетін жай ғана сабынмен жуа салады. Ал дұрыс күтінбеу, адамның сыртқы келбетіне ғана емес, денсаулығына да әсер етеді. Сол себепті Нұрлыхан жігіттерге гигиена заттарын сыйлауға кеңес береді.

Әдетте сусабын (шампунь — ред.) сыйлайды. Оны ауыстыратын кез келді. Денсаулық тазалықтан басталуы керек, сондықтан арнайы бет жууға арналған құралдар мен маска, скраб берген дұрыс, — дейді Нұрлыхан.

Бәлкім, сыйлық ретінде гигиена заттарын алса, «бет күтімі — ерлерге жат қылық» деген жаңсақ пікірі бар жігіттер ойын өзгертіп қалар?!

сыйлық, ұлдарға арналған сый 7 мамыр
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Тауға тур алу

Тауға шығу — адамдарға табиғат сұлулығынан ләззат алуға, денесін шынықтыруға және қалыпты өміріне жарқын сәттер қосуға мүмкіндік беретін көңілді әрі пайдалы демалыс. Мұндай демалыс түрін ұнататын жігіттерге тауға тур сатып алып беруге болады. Қазір тау-тасқа тур жасайтын түрлі агенттік бар. Олар тек тауға апармай, көңілді кештер өткізеді.

Турмен барған адамдар бір-бірімен танысып, соңында дос болып жатады, — дейді Нұрлыхан.

сыйлық, ұлдарға арналған сый 7 мамыр
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Кітап

Нұрлыхан жігіт оқуды жақсы көрсе, оған кітап берген дұрыс деп санайды. Бұл сыйлықтың пайдаға асқанына бек сенімді боласыз. Оның үстіне, қазір кітаптар да арзан тұрмайды. Ең бастысы, сыйлық алатын адамның қандай жанрды, қандай тақырыпты ұнататынын біліп алған жөн.

Мысалы, көп ақша табу, акция сатып алу, инвестор болу сияқты түрлі қаржы сауатын үйрететін “Инвестиция әліппесі” деген кітап бар. Көркем әдебиетті ұнатса, ақын-жазушылардың шығармаларын алып беруге болады. Оған қоса трендтегі жанрларға да назар аудару керек, — дейді Нұрлыхан.

сыйлық, ұлдарға арналған сый 7 мамыр
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Almaty bike-тың абонементі

Қазір қалада кептеліс көп. Оған қоса күн де жылыды. Мұндай кезде жігіттерге велосипед айдауға абонемент алып берген абзал.

Меніңше, Almaty bike-тың абонементі — ерекше сый. Танысыңыз әдеттегіден басқаша зат алғанына қуануы мүмкін, — дейді ол.

Қазір мұндай велосипедті жалға алу жүйесі Астана мен Шымкентте де бар.

сыйлық, ұлдарға арналған сый 7 мамыр
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов