Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысына ұлттық банктің биылғы бірінші тоқсандағы ақша-кредит саясатын іске асыру қорытындысы туралы есеп берілді.

Президентке Қазақстанның экономикасы мен қаржы секторындағы ахуал, іскерлік белсенділіктің жақсаруы, депозит нарығының динамикасы, сонымен қатар БЖЗҚ-ның, ұлттық қордың активтері мен алтын-валюта резервтерінің жағдайы туралы баяндалды.

Ғалымжан Пірматов ай сайынғы және базалық инфляцияның төмендегенін және реттеушінің бұған дейін жасаған болжамдарына сәйкес келіп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар инфляция деңгейі әлі де жоғары күйінде қалып отыр. Бұл қазіргі ақша-кредит шарттарын сақтауды қажет етеді.

Мемлекет басшысына жедел төлемдер жүйесінің дамуы және цифрлық теңгені енгізуге дайындық барысы туралы мәлімет берілді.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев ақша-кредит саясатын тиімді жүзеге асыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.