Шын махаббат, шынайы махаббат өтірікпен әсте сыйыспайды. Ондай махаббат қорлыққа да, зорлыққа да риза болып, шыдайды. Сүйген жүрек, адал жүрек есептесуді білмейді.

«Жүрек» деген жұдырықтай кесек ет,
Сүйген, күйген сезім – қанын еселеп,
Жинай берсе, талай теңіз жасалып,
Талай кеме айдындарын кешер еді.

Жастық шағың — жарқын жаздың бейнесі,
Құтты жаздың ала алсаң жоқ, бермесі.

Еңбекті дұшпан санаған адамда өмірі мейірім жоқ.

Әркімнің туған тілі – туған шеше, Оған бала міндетті сан мың есе.

Қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің  іргесін қалаған алғашқы адам – Ахмет (Байтұрсынов — ред.). Ахметтің бұл тарихи  еңбегі бағаланбай қалмақ емес.

Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ.

Қазақ тілін көркемдіктің биігіне көтеру үшін Абай бұл тілге араласып жүрген бөтен сөздерден өлеңді аршымақ болады. Оның «бөтен сөз» дейтіні: біріншіден, ауызша фольклорда немесе қазақта жаңа ғана туып келе жатқан жазба әдебиетте белгілі бір пікірге жанасы жоқ жолдардың, сөздердің бытысып жүруі, екіншіден, қазақ тіліне ислам діні арқылы кірген қазаққа ұғымсыз араб, парсы сөздерінің араласып кетуі.

Тіл сұлулығының үстіне, Мұхтар (Әуезов — ред.) кейіпкер жасауға шебер. Мұхтардың кейіпкерлерінің сыртқы көрінісі мен ішкі сезімі айқын көрініп отырады. Байшыл жазушылардың ішінде байлар тобының таптық кескінін оның кейіпкері арқылы көрсету ретінде Мұхтардан асқаны жоқ. Жазуға шеберлік жағынан пролетариат жазушыларына Мұхтардан үйренетін нәрсе көп.

Мұғалім деген ат — қасиетті ат. Мұғалім деген аттан таза еңбекті сүйетін мамандық иесі деген сөзді ұғынады. Елдің надандығымен алысатын адам — мұғалім.

Жақсылық жолында келе жатып жаман әдет көрсетпе!

Әркім-ақ әке-шешесін жақсы көреді. Мен де әкем мен анамды жақсы көрдім. Бірақ әкем алты жасымда қайтыс болды, бір жылдан соң анам да өмірден өтті. Уақыт деген санадағы ғана емес, тастағы ізді де өшіреді. Сондықтан олардың бейнесі маған қалың тұманды жарып шыққандай боп көрінеді. Десе де, оларға махаббатым үлкен. Олар маған өмір берді, балалық қысқа ғұмырымда мені аялап, қамқор болды, онысы жетім қалған жылдарымда жүрегімді жылытты.

Абайсызда ма, жоқ әдейі ме, кім білсін, бір күзде аулымыз жайлаудан қайтқан бетте даланың бір жерінен өрт шықты. Желмен жайылған өрт жолындағының бәрін құртып шағын орманымызға жетті де, қыстауды жалмады. Ауылдастарымның барлық мүлкі жанып кетті, төрт-түлік те, адам да көп өлді. Осылайша, ауылдастарымның жаңа қыстауы «жаман» болып, Жаманшұбар аталуы сондықтан. Содан бері аулымыз да осылай аталып, тұрғындары жаманшұбарлықтар болды.

Жетімдіктің тақсіреті 13 жасар мені Жаманшұбар мен Дос көлін тастап, көшіп кетуге мәжбүр қылды. Туған жерімді ата-анамнан кем сағынған емеспін. Тағдыр жазып бір ауылдан бір ауылға көше бердім. Жалшы болып, ауыр жұмыс істсем де туған жерге оралатын мүмкіндікті жіберген емеспін. Жап-жасыл шабындық үстінде жатып, Достың тап-таза, мөп-мөлдір суына шомылып қайтатынмын.

«Сұлушаш» өлеңмен жазылған роман деп жазылсын. «Сұлушашқа» екі жылдық өмірім кетті. Бұны 1926 жылдың күзінде бастап едім.

Материалға Sabitmukanov.skolib.kz, Qazaqadebieti.kz, Oilar.kz, Massaget.kz порталыныдағы мәліметтер және жазушының 16 томдық таңдамалысы қолданылды.