Басты бетЖаңалықтарБиыл Жаңаөзенде...

Биыл Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы басталады

Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын жылына 6 миллионнан 12 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте үкімет басшысы айтты.

Әлихан Смайылов көмірсутек шикізатының ресурстық базасын және оны әрі қарай өңдеу үшін өндірістік қуаттарды ұлғайту бойынша шаралар қабылданып жатқанын айтып өтті.

Ішкі нарықта жанар-жағармай тапшылығын жою үшін Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын жылына 6 миллионнан 12 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларын кеңейту жобаларын жүзеге асыру жоспарланды, — деді премьер-министр.

Оның айтуынша, биыл Жаңаөзенде жалпы қуаты 900 миллион текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы басталады. Жалпы газ саласында жылына қосымша 4 миллиард текше метрге дейін газ алуға мүмкіндік беретін заңнамалық нормалар қабылданды.