«ҚазМұнайГаз» Жаңаөзендегі төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа пәтер береді.
Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Жаңаөзендегі төтенше жағдай салдарынан қаза болған тұрғынның отбасына, туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады және зардап шеккен жандардың тезірек сауығып кетуін тілейді. Тұрғын үйсіз қалған отбасыларға жаңа пәтер беріледі, зардап шеккендерге орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, барлық қажетті көмек беріледі, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 17 сәуірде таңғы сағат бес шамасында Жаңаөзендегі 2-ші шағынауданда екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйде газ баллоны жарылды.
Төтенше жағдайдан бір адам қаза болып, 12 адам зардап шекті. Төтенше жағдайлар департаменті жедел штаб құрып, қауырт желі телефонын ұйымдастырды.