Басты бетЖаңалықтарЖаңаөзендегі жарылыс:...

Жаңаөзендегі жарылыс: бір адам қаза болды

Жаңаөзенде болған төтенше жағдайдан бір адам қаза болып, 12 адам зардап шекті. Бұл туралы Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға бүгін, таңғы сағат бес шамасында Жаңаөзендегі 2-ші шағынауданда екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйде болған.

Болжам бойынша 2-ші кіреберістегі пәтерде газ қоспасы жарылып, 150 ш.м. аумақта кіреберіс құлаған. Сағат 08:30-да үйінді астынан алты адам шығарылды. 08:30-дағы жағдай бойынша 13 адам зардап шекті, соның ішінде бір мәйіт табылды, — делінген хабарламада.

Зардап шеккен бес адам ауруханаға жатқызылды, ал жетеуі медициналық тексерістен кейін үйіне шығарылды.

Әкімдіктің мәліметінше, жарылыс салдарынан үш пәтерге зақым келген. Тұрғын үй газдан ажыратылған. Үйіндіні аршу жұмысы жүріп жатыр.

Оқиға орнында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жүр. Ол жарылыс орнындағы үйінділерді, газ қоспасын жою жөніндегі ведомствоаралық штабтың жұмысын үйлестіріп жатыр.

Төтенше жағдайлар департаменті жедел штаб құрып, қауырт желі телефонын ұйымдастырды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.