Астанаға барып, энергетика министрлігінің алдында ереуілдеген жаңаөзендік мұнайшыларды полиция ұстап әкетті.
Арнайы жасақ министрлік алдында түнеген жаңаөзендіктерді бірер минутта автобусқа тиеп үлгерді. Коммуналдық қызмет олардан қалған заттарды жинап жатыр. Мұнайшыларды ұстау сәті желіде тарады.
Жерлестерін қолдау үшін Жаңаөзен тұрғындары жергілікті әкімдік алдына жиналды. Олар ұсталғандарды босатуды талап етіп жатыр.
Еске салайық, 10 сәуірде Жаңаөзеннен Астанаға «БерӘлі Маңғыстау Company» қызметкерлері барды. Жүзден аса мұнайшы энергетика министрлігінің алдына түнеп шықты. Олар жұмыс талап етіп отыр. Айтуынша, жұмыс істеп жүрген компаниясы тендерден ұтылып, енді бәрі жұмыссыз қалған.
11 сәуірде үкімет отырысында энергетика министрі жаңаөзендік жұмысшылардың талаптарын айтты. Кейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ аппаратының басшысы Ерхан Омаров бастаған арнайы құрылған байланыс тобының мамандары мұнайшылармен келіссөз жүргізді.