«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ аппаратының басшысы Ерхан Омаров бастаған арнайы құрылған байланыс тобының мамандары Жаңаөзеннен Астанаға келген мұнайшылармен келіссөз жүргізді.
Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңаөзеннен келген жұмысшылар энергетика министрлігі ғимаратының алдына жиналған. Олар — осыған дейін «ҚМГ»-нің еншілес компаниясы «Өзенмұнайгаз» АҚ үшін мұнай сервис қызметтерін көрсетуге арналған тендерде ұтылған «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері.
«ҚазМұнайГаз» мамандарымен бірге келіссөзге «БерӘлі Маңғыстау Company» және «Ai-Bis» (тендерде жеңіске жеткен компания) басшылығы да қатысатыны айтылды. Жұмысшыларға жалақысын сақтай отырып, «Ai-Bis» және «Кезби» (мұнай сервис қызметтерін көрсетеді) компанияларына жұмысқа орналастыру ұсынылды.
Жұмысшылар басқа компанияға ауысқан кезде олардың бұрынғы еңбек жағдайы, соның ішінде жалақы мөлшері мен әлеуметтік пакеті сақталуы керек. Тендер қорытындысы бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ мердігері атанған компанияға осындай міндет қойып отырмыз. Бірақ құқықтық рәсімдерге сай әрекет ету керек, жұмысшылар мұны түсінуі қажет, — деді «ҚМГ» аппаратының басшысы Ерхан Омаров келіссөз барысында.
«БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері «Өзенмұнайгазға» жұмысқа тұрғызуды талап етіп, ұсынылған жұмыс орындарынан бас тартты.
Жиналған мұнайшыларға «Өзенмұнайгаз» штатына қабылданған құқықтық рәсімдерді елемей, жұмысқа орналасу жөніндегі талап заңсыз екенін түсіндірді. Бұл Жаңаөзендегі жұмыссыздарды кезек бойынша сол мекемеге жұмысқа орналастыру тәртібіне қайшы келеді. Бұл ережелер моноқала тұрғындарының талабына сай, жұмыс орындарын әділ бөлу үшін қабылданған.
Келіссөз алдағы уақытта жалғасады.
Айта кетейік, Астанаға Жаңаөзеннен «БерӘлі Маңғыстау Company» қызметкерлері барды. Кеше жүзден аса мұнайшы энергетика министрлігінің алдына түнеп шықты. Олар жұмыс талап етіп отыр. Айтуынша, жұмыс істеп жүрген компаниясы тендерден ұтылып, енді бәрі жұмыссыз қалған.