Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.
Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған.
Құжатта «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90%-і өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елдімекенді (АЕМ) кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған.
Мұндай елдімекендер адамдардың еңбек етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.
Негізгі мақсаттардың бірі – ауылдық елдімекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады, — деп жазылған хабарламада.
Ауылдық жерлердегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін заманауи учаскелік полиция пункттерін салу, аудан орталықтарында бейнебақылау жүйесін енгізу, ауылдарда жаяу жүргіншілер жолдары мен мал айдау аймақтарын белгілеу, шомылуға рұқсат етілген және жабдықталған орындар құру бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Оған қоса шекаралас ауылдық елдімекендерді дамытуға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңарту мен негізгі қызметтерді қамтамасыз етудің арқасында халықтың елдімекендерден көшуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және жалпы шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру жоспарланып отыр. Ал еңбек тапшылығы бар өңірлердің шекаралас ауылдық округтер тұрғындарының жалақысына үстемеақы қосу мүмкіндігі қаралады.
Сонымен қатар тұжырымдама аясында топырақ құнарын жақсарту, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту, жаңа суармалы учаскелерді айналымға енгізу, су қоймаларын реконструкциялау және салу, өнімділікті арттыру, дақылдарды әртараптандыру және т.б. бойынша жүйелі шаралар көзделген.