Басты бетЖаңалықтарСорос-Қазақстан қоры...

Сорос-Қазақстан қоры CAPS Unlock орталығына айналды

Сорос-Қазақстан қоры CAPS Unlock орталықазиялық сараптама орталығына айналды. Ұйым Орталық Азия елдеріндегі мәселелерді шешу үшін аймақтағы зерттеушілерді біріктіреді.

CAPS Unlock (Central Asian Policy Studies) әлеуметтік-экономикалық теңсіздік, цифрлық демократия, білім беру, климаттың өзгеруі, Орталық Азияның геосаяси және геоэкономикалық келбеті, аймақтағы колониал өмірдің салдары сияқты өзекті мәселелерді талдап, зерттеу жүргізеді, пікірталастар ұйымдастырады. Сонымен қатар орталық технология тенденцияларына анализ жасап, оның маңызды салаларға ықпалын болжайды.

CAPS Unlock орталығының мақсаты — диалог алаңын дамыту, сапалы зерттеулер жүргізу, аймақтағы сараптама қауымдастығын нығайту арқылы Орталық Азиядағы ашық қоғам құруды қолдау. 

Орталық Азия елдерінің бәрі мұхитқа шыға алмайтыны белгілі, десе де бұл орталық біздің зерттеушілеріміздің дүниежүзіндегі дебаттарға қатысып, сарапшылармен пікір алмасуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Осы мақсатта біз аймақты алаңдататын мәселелер бойынша тәуелсіз зерттеулерді алға жылжытып, елдегі ғалымдар мен мамандарды әлемдегі басқа әріптестерімен біріктіреміз, сарапшылар арасында онлайн және оффлайн форматта пікірталастар ұйымдастарымыз, — дейді CAPS Unlock орталығының атқарушы директоры Аида Айдарқұлова.

Аида Айдарқұлова
Аида Айдарқұлова. Фото: MediaNet

Ұйым кеңесі мүшесіне Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан сияқты елдердің сарапшылары кіреді. Олар — философия ғылымдарының кандидаты Жұлдыз Смағұлова,  әлеуметтанушы Гүлнора Бекназарова, саясаттанушы Медет Тюлегенов, экономист Юлий Юсупов.

Орталық БҰҰ мен ЭЫДҰ сияқты халықаралық институттармен әріптес болуға дайын. Оған қоса CAPS Unlock аймақта, Еуропа, Солтүстік Америка мен Азия елдеріндегі сараптама орталықтарымен серіктестік орнатады.

Айта кетейік, Сорос-Қазақстан қоры елде 28 жыл қызмет етті. Осы уақыт аралығында қор денсаулық сақтау, білім беру және ғылым, адам құқығын қорғау, мемлекет қаржысының ашықтығы және есептілігі, халықтың осал топтарының мүддесін қорғау, баспасөз құралдарын, экономика реформаларын қолдау салаларында грант бөліп келді.