Алматыдағы Қазақ-неміс университетінде Jusan-ның қолдауымен корнхолдан студенттер арасында турнир өтті. Ұйымдастырушылар жаңа спорт түріне қызығып жүрген қазақстандық жастардың күннен-күнге артып жатқанын айтады.
Демалыс күні сабақ болмаса да, біраз студент университетке жиналған. Өйткені олар корнхолдан турнирге қатысады. Солардың бірі — менеджмент мамандығының 2-курс студенті Темірлан Ақан. Темірланның корнхол ойнап жүргеніне бір ай болған.
Университетіміздің екі филиалында да корнхол секциясы ашылды. Онда ойынның жалпы ережесін айтып, қалай ойнау керек екенін түсіндірді. Группаластарымызбен ойынға қызығып, жиі ойнайтық болдық. Корнхол өзіне баурап алады, қарсыласыңды тез жеңгің келеді. Оған қоса бұл ойын бір затқа мән беруді үйретеді, — дейді ол.
Ал халықаралық қатынастар мамандығының 2-курс студенті Аружан бүгін корнхолды бірінші рет ойнамақ.
Түсінгенімше, қапшықты қаншалық биік лақтырсаң, соншалық нысанаға түсуге мүмкіндігің көп, — дейді Аружан.
Ойынның ережесі мынадай: корнхол ойынында арнайы тақтайша мен салмағы шамамен 300-400 грамм бэг (қапшықтар) болады. Ойыншы белгіленген сызықтан аспай, қапшықты лақтырып, алыста тұрған тақтайшаның дөңгелек тесігіне салуы қажет.
Қапшық дөңгелек тесікке түссе, ойыншыға үш ұпай беріледі. Қапшық тақтайшаның үстіне түссе, бір ұпай беріледі. Ойыншы тақтайшадағы қарсыласының қапшығын жерге түсірсе, қарсыласының ұпайы кемиді. Керісінше, тақтайшадағы қарсыласының қапшығын дөңгелек тесікке салса, қарсыласына үш ұпай беріледі. Ең бірінші 21 ұпай жинаған адам, жеңіске жетеді.
Еліміздегі корнхол федерациясы өкілі Владимир Цойдың айтуынша, корнхолда бәрі тең. Бала, жас, кәрі, ұл, қыз болып бөлінбей, бірге ойнайды.
Бұл ойын америкалық үндістерден келген. Ол кездегі адамдар тақтайшаға емес, шұңқырға қапшық немесе соған ұқсас басқа заттарды лақтырып ойнаған деседі. Ал қазір корнхол біздің заманға лайықталды, енді арнайы тақтайшалар мен ережелер бар. Адам ойынға көп күш жұмсамайды, сол себепті оның дене бітімі қандай екені, жасы, бойы қанша екені маңызды емес. Ойын процесі жеңіл болғандықтан қатысушылар бір-бірімен еркін тілдесіп, коммуникация орната алады. Адамдарға пайдалы нетуоркинг болуы үшін жақында нақты бір сала мамандары арасында ұйымдастыруды, басқа қалалардан корнхол клубын ашуды жоспарлап жүрміз, — дейді Владимир Цой.
Ал Jusan-ның маркетинг, PR және ESG жөніндегі басқарушы директоры Олегжан Бекетаев Қазақстанда корнхол ойыны кеңінен танымал болады деп үміттенеді.
Jusan білім беру саласын қолдайды, әрқашан өз клиентін қызықтыратын инновациялар мен жолды, даму үшін нарыққа не ұсына алатынын іздейді. Биыл біз Корнхол федерациясымен серіктес атандық. Корнхол — АҚШ-та ең танымал ойындардың бірі. Бұл жаңа спорт түрі Қазақстанда да кеңінен танылады, студенттер оны дұрыс бағалайды деген үміттемін. Бұл ойынның артықшылығы — қарапайым спортшылар да, паралимпиада спортшылары да кәсіби аренада қатар бәсекеге түсе алуында. Олар тең дәрежеде сайысады. Студенттерге бұл жаңа тыныс болатынына сенеміз, — дейді Олегжан Бекетаев.
Турнирге жалпы 24 адам қатысты. Оның ішінен Машебин Ян 1-орын (100 мың теңге), Никита Травин 2-орын (50 мың теңге), Әмірбек Төлеубеков пен Хайрие Тегай 3-орын иеленді.