Сталкинг — жеке адамның немесе топтың басқа адамды қадағалап, аңдып жүруі. Еуропалық гендерлік теңдік институтының мәліметі бойынша, әлемдегі әр оныншы әйел сталкингке ұшырайды. Baribar.kz психологпен және заңгермен сөйлесіп, мұндай қауіптен қалай қорғануға болатынын сұрады.
Алматы тұрғыны Аружан Манатова араласпай кеткен құрбысынан сталкинг көрген. Аружан ашық сөйлесіп, бұдан әрі қарым-қатынасты жалғастырғысы келмейтінін, дос бола алмайтынын жеңіл жеткізгісі келеді. Осыдан кейін құрбысы оған шектен тыс көңіл бөліп, Аружанға тоқтаусыз қоңырау шала бастайды. Аружан тұтқаны көтермеген соң, құрбысы бейтаныс нөмірлерден хабарласып мазалай бастаған. Әлеуметтік желі арқылы аңдып, Аружан оның парақшасын бұғаттаған соң, түрлі бейтаныс парақшадан хабарлама жазады. Бұл — сталкингтің жеңіл түрі. Бірақ спикерлер жағдай бұдан да қиын болып, адам өміріне қауіп төнетін кездер де болады дейді.
Ұлыбритания мен АҚШ-та сталкинг қылмыстық құқықбұзушылық болып саналады. Ал Қазақстан заңы азаматты сталкингтен қалай қорғайтыны туралы заңгер Ғабдул-Ғани Әбутәліп айтып берді.
«Қазақстан заңнамасында «Сталкинг» деген тармақ жоқ, сондықтан заң тұрғысынан нақты бір анықтама да берілмеген. Демек нақты сталкинг бойынша ешкімді жауапқа да тарта алмайсыз. Бірақ жалпы бұл адамды аңду, жеке өміріне қол сұғу дегенді білдіреді», — дейді ол.
Заңгер мұндай жағдайда қылмыстық кодекстің «Жеке өмірге қол сұғу» бабы, «Адам өміріне қауіп төндіру» бабы бойынша бөлек-бөлек шағым түсіруге болатынын айтты.
Сталкерден өзімізді қалай қорғаймыз?
Кейде сталкер басқа адамның өміріне қауіп төндіретін жағдайлар болады. Киберсталкинг болса, адамның жеке дерегін жариялап жіберетінін айтып қорқытуы мүмкін. Бұған қоса күн сайын көшеде аңдып жүрген адам да қауіп төндіруі мүмкін. Ал Қылмыстық кодекстің 115-бабы (Қорқыту) бойынша адамға өлім қаупін төндіргені үшін және жеке тұлғасына аса ауыр зорлық көрсеткені үшін ол зардап шегушіге 120 АЕК айыппұл (2023 жылғы бір АЕК мөлшері — 3 450 теңге) төлеуі керек немесе тура сол мөлшерде түзету жұмыстарына тартылады, болмаса 30 күнге қамақ жазасы беріледі, — дейді Ғабдул-Ғани.
Сонымен қатар заңгер ҚК-ның 147-бабы (Жеке өмiрге қол сұғу) бойынша айыпталушыға 3 мың АЕК мөлшерінде айыппұл немесе түзеу жұмыстары немесе бас бостандығын екі жылға шектеу жазасы берілуі мүмкін екенін айтты.
Алдымен сталкинг қандай деңгейде екенін анықтау керек. Мысалы Instagram желісінде бір адам парақшаңызға тіркелді делік. Күнде посттарыңызды, фотоларыңызды қарап, стористарыңызды да жібермей көріп отырады. Ақырындап қай жерлерде жүретініңізді зерттей бастайды. Кейін өмірде де аңди бастауы мүмкін. Осындай тұста ҚК-ның 147-бабын қолдана аласыз. Әлеуметтік желіге бірдеңе салғанда ешкім біреу өзін аңдыса екен деп салмайды. Сондықтан мұндайда өзіңізді заң арқылы қорғауға толық құқылысыз.
Қылмысты қалай дәлелдейміз?
Заңгер сталкинг жайлы сезіктенген сәттен бастап дәлел жинай берген дұрыс дейді. Хат алмасқан скриндер де дәлел бола алады.
2020 жылы әлеуметтік желі мен мессенджерлердегі хат алмасу қағаз хатқа теңестірілді. Сондықтан сталкер құрбаны болғаныныңызды сезсеңіз, сол хат алмасқан скриндерді жинай бастаған дұрыс. Бұған қоса сталкер қоңырау шалып, мазаңызды алса, бопсаласа, сол қоңырауды диктофонға басып алу керек, видеоға түсіру қажет. Мұның бәрі — дәлел. Сотқа шағымданғанда дәлеліңіз болмаса, сталкердің өзі сізге «Жала жабу» бабы бойынша кері іс ашып жіберуі мүмкін.
Заңгердің сөзіне қарағанда, сталкинг көбіне ерлі-зайыпты мен ажырасқан адамдар арасында болады.
Былтыр жазда өзара келісіммен ажырасқан жұппен жұмыс істедім. Ажырасқанына екі-үш ай болған соң әйел бұрынғы күйеуі кездейсоқ жұмысы жағында жүргенін, кездейсоқ үйінің маңынан өтіп бара жатқанын, кездейсоқ ол түскі ас ішетін мейрамханаға келе беретінін байқайды. Сәйкестіктер тым көп болып кеткен соң, әйел бұрынғы жолдасы аңдып жүргенін түсінеді. Кейін әйел басқа қалаға көшкен күннің өзінде ер адам оны тауып алған. Артынша әйел жергілікті полиция бөліміне барып, дәлел-дәйегін келтіріп, өзін қорғап шыға алды, — дейді ол.
Сталкинг суицидке себеп болуы мүмкін
Заңгер мұндай жағдайлар үнемі сәтті аяқтала бермейді дейді. Сондықтан маман сталкинг бөлек заңмен қудалануы керек деп есептейді.
Бұл — қарапайым мысал. Бірақ интернет дамып кеткендіктен, ақпарат алу оңай. Сондықтан қазір сталкинг әлемдік проблемаға айналды деуге болады. Меніңше, мұны заңның бір тармағы етіп енгізіп, қатаң жаза қарастыру керек. Себебі күйеуі, досы күн бермеген соң, суицид жасап жатқандар да көп. Аңдитындар мен қудалайтындар елде сталкинг бойынша ешқандай жаза қолданылмайтынын біледі. Айыппұлын төлеп, аңдуын қайта жалғастыра береді. Ал мұндай психологиялық зорлықпен өмір сүру оңай емес, — дейді маман.
Сталкерлер қайдан шығады?
Психолог Гүлзат Қанат сталкер психологиясын талдап берді. Сталкердің адам аңдуға құмар болатыны балалық шағымен байланысты деп есептейді.
«Бала екі-үш жасында ата-анасының қыр соңынан қалмайды. Тіпті мұндай балақайлардың дәретханаға да ілесіп барып, аңдып тұратынын, киім ауыстырып жатқанда, сығалайтынын байқауға болады. Бұл — табиғи қызығушылық. Бәріміз бұл кезеңнен өттік. Адам даму сатысының осы кезеңінде қалып қойса, біреуді аңдуға, жалаңаш денені қарауға құмар болады. Сталкер болу да осыдан шығады», — дейді психолог.
Маман балаға мұның дұрыс емес екенін сол шағында түсіндіру керек дейді. Ол әлеуметтік желіде анасының етегінен жылап айырылмайтын балалардың видеосы туралы да айтты.
Әлеуметтік желіде де анасы әжетханада отырғанда артынан баласы жылап-еңіреп келіп тұратын видеолар көп тарап жүр. Бұл тек әзіл видео болмауы керек. Мұндай жағдайда бала түсінбесе де, оған екі минутқа дәретханаға барып келетініңізді айтып, отыра тұруын сұрау керек. Бұл кезеңде баланың анасынан айырылып қалғандай егіле жылағаны — қалыпты нәрсе. Кейін 10 минутқа ас үйге барып келетініңізді, 15 минутқа көшеге шығып келетініңізді айтып, сепарацияның баяу жүргенін қадағалауыңыз керек. Бала уақытты түсінбеуі, цифр танымауы мүмкін. Ақырын-ақырын оны да түсіне бастайды.
Бала кездегі қорқыныштың салдары
Психологтың сөзіне қарағанда, ересек адамның біреуді қадағалап, басқаруға, аңдуға құмар болғанының себебі оның сүттен қалай шығарылғанына да байланысты.
Ата-ана баланы емшектен шығарғанда айтпай, ескертпей жылатып ата-әжесінің, туыстарының үйіне тастап кетіп жатады. Мұндайды балаға түсіндіру керек. Бала кезде осындай жарақат алған бала үнемі біреуден айырылып қалудан қорқып, қоштасудың өзін тым ауыр қабылдайды.
Маман бұл қорқыныш бала есейіп, отбасын құрғанда да, дос болғанда да кері әсерін тигізеді дейді.
Ондай қорқынышы бар адам отбасы құрған соң жолдасына күн бермей, оны біреумен кездесіп жүр деп кінәлап, үнемі қызғанып, аңдиды. Серігінен (жұбайынан) бөлек тыныстай алмайды, үнемі сонымен бірге болғысы келеді. Бұл оның өзіне де, психологиялық қысым көретін жолдасына да қиын, — дейді психолог.
Сталкинг жайлы дерек:
- Ерлер де, әйелдер де сталкинг құрбаны болуы мүмкін.
- Неміс полициясы жыл сайын шамамен 20 000 сталкинг оқиғасын тіркейді. Қазақстан мен ТМД елдерінде, өкінішке қарай, мұндай статистика жоқ.
- National Stalking Helpline статистикасы бойынша, сталкинг құрбандарының көбі (80,4%) — әйелдер, қылмыскерлердің көбі (70,4%) — ерлер.
Тағы оқыңыз: Аңдамай сөйлеудің айыбы: Эйблизм деген не?